Нұр-Сұлтанда тұратын 26 мың мүгедекке 36 инватакси жеткіліксіз – Коммунистік партия

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан коммунистік халық партиясы елордада мүгедек жандардың құқығын қорғау туралы дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біздің партия жанында қоғамдық қабылдау жұмыс істейді, осы қоғамдық қабылдауға көптеген мүгедектігі бар жандар өз арызымен келеді. Сол арыздар негізінде біз бүгін дөңгелек үстел ұйымдастырып отырмыз. Оған жергілікті атқарушы орган өкілдері, мүгедек балалардың аналары, партия мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып отыр. Мұнда қаламыздағы мүгедек жандардың құқығы қаншалықты қорғалып жатқанын, қандай мәселелер бар екенін талқылап, қорытынды құжат шығарамыз. Қорытынды құжатты Қазақстан коммунистік халықтық партиясының Халықтық коммунистік фракциясына және жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жібереміз», - деді ҚКХП Нұр-Сұлтан қалалық комитетінің бірінші хатшысы Нұрдәулет Оразханов.

Спикердің айтуынша, карантин мен девальвациядан кейін қабылдау бөліміне жүгінетін тұрғындар саны артқан.

«Күніне 10-15 қала тұрғыны өз мәселелерін айтып келеді. Қоғамдық қабылдауда білікті заңгерлер бар, солардың көмегімен мәселелерін шешуге тырысамыз. Одан бөлек, қала бойынша 36 мың әлеуметтік нысан бар. Ашық дереккөздерге сүйенсек, сол 36 мың нысанның 64 пайызы мүгедектерге қолжетімсіз. Және де біздің қалада 26 мыңға жуық мүгедек азамат тұрады. Оларға автобус жүргізушілері кейде тоқтамай кетеді, пандусты түсірмейді. 26 мың мүгедекке 36 инватакси жұмыс істейді. 36 инватакси – жеткіліксіз. Көп мүгедектер емханаға, басқа да нысандарға бара алмадық, уақытылы такси келмеді деп шағымданып жатады», - деді комитет хатшысы.

Сонымен бірге, партияның араласуымен депутаттық сауал жүргізу арқылы балаларға арба, катетер сияқты техникалық құралдардың уақытылы берілу мәселесі Парламентте көтерілген және шешімін тапқан.

«Біздің партия көтерген соң айрықша күтімді қажет ететін балаларға Жол картасы әзірленді. Мысалы талма ауруымен ауыратын балалар дәрі-дәрмекті шетелден алдыратын. Ал қазір мемлекет тарапынан дәрі-дәрмек алынады, сосын емханалар арқылы таратуды жолға қойдық. Бәрі төменнен басталады, бүкіл мәселені халықпен талқылаймыз. Қорытынды құжатты жоғары жаққа жібереміз, олар депутаттық сауал дайындайды. Соның арқасында көп мәселе шешімін тауып жатыр», - деді Н. Оразханов.


Соңғы жаңалықтар