Нұр-Сұлтанда тәулігіне 6 мың адам вакцина алып жатыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 30 шілдедегі жағдай бойынша ақпан айынан бастап 335 464 астаналық бірінші компонентпен, 238 321 адам – екінші компонентпен егілді. Бұл туралы елорданың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта вакциналау өзіңізді коронавирустан қорғаудың ең тиімді әдісі болып қала береді. Уақытылы вакцина алу өзіңізді және басқаларды аурудан және оның салдарынан қорғауға көмектеседі. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тәулігіне орта есеппен 5000-6000 адамға екпе жасалады. Биылғы 30 шілдедегі жағдай бойынша ақпан айынан бастап барлығы бірінші компонентті – 335 464 адам, екінші компонентті – 238 321 адам салдырды», - деп хабарлады депаратмент.

Қала бойынша медициналық ұйымдарда 83 егу кабинеті жұмыс істейді, сондай-ақ «Mega Silk Way» СОО, «Хан-Шатыр» СОО, «Керуен» СОО, «Әбу Даби Плаза» СОО, «Азия парк», «Сарыарқа» СОО, «Еуразия» сауда үйі жанында қосымша 8 уақытша егу пункті орналасқан. Барлық уақытша егу пункттерінің санитарлық-эпидемиологиялық дәйектемелері бар.

Айта кетейік, коронавирус жағдайын орташа тәуліктік тіркеу маусым айында 340 болса, шілде айында 1500-ге дейін өсті.

Соңғы 16 күнде тәулігіне 1 500-ден астам жағдай тіркелуде.

Сонымен бірге, департамент тұрғындар коронавирус жұқтыратын негізгі орындарды атады.

Талдау жұмыстары көрсеткендей, базарларда вирус жұқтыру 8%-дан 12%-ға, сауда нысандарында – 18%-дан 23%-ға, кеңселерде – 12%-дан 17%-ға, саябақтар мен демалыс аймақтарында – 14%-дан 18%-ға артқан.


Соңғы жаңалықтар