Нұр-Сұлтанда тағы бір сауда орталығында вакцинация пункті ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада «Сарыарқада» сауда, ойын-сауық орталығында коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау пункті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігіне сілтеме жасап.

«Сауда орталықтарында вакцинация пунктерін ұйымдастыру жұрт арасында екпеге деген сұранысты көрсетеді. Қазіргі уақытта қаладағы 9 сауда кешенінде 15 мыңға жуық адам вакцина алды. Қала тұрғындары үйіне, жұмысына жақын жерде егу пунктерін ашу туралы жиі жүгінеді. Осылайша, біз халыққа ыңғайлы болу үшін қаланың барлық ірі сауда нүктелерін қамтып отырмыз», - деп атап өтті Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан.

Қала бойынша вакцинаның бірінші компонентін 132 мыңнан астам адам алды.

«Сарыарқа» СОО-дағы егу пункті екінші қабаттағы эскалатордың оң жағында орналасқан. Жұмыс кестесі вакцинация кабинеттері ұйымдастырылған өзге СОО-ларға ұқсас – сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін.

Бүгінде елордада «Mega Silk Way», «Keruen», «Хан Шатыр», «Абу-Даби Плаза», «Азия Парк» сауда, ойын-сауық орталықтарында, «Биг Шанхай» сауда кешенінде, орталық базарда, «Әлем» және «Астаналық» сауда орталықтарында вакцинация пунктері жұмыс істеп тұр.

Вакцинация пунктерінің кеңеюіне байланысты бастапқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының жұмыс уақыты қысқарып, 08:00-22:00 аралығына белгіленсе, СОО-лар үшін жұмыс тәртібі өзгеріссіз қалады – сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін.

Сондай-ақ, халықтың жоғары белсенділігін ескере отырып, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы көшпелі бригадалар ұйымдастырып, еңбек ұжымдарын жаппай вакциналап жатыр.


Соңғы жаңалықтар