Нұр-Сұлтанда қысқы триатлон жарысы өтті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Триатлон паркінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қысқы триатлоннан жекелеген жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл жайында қалалық әкімдіктің Instagram парақшасы мәлімет таратты.

«Супер спринт» қашықтығы бойынша кәсіпқойлар мен әуесқойлар арасында өткен жарыстың ұйымдастырушылары Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі мен Нұр-Сұлтан қаласының триатлон федерациясы.

Шараның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Спорт және Дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Нұр-Сұлтан қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев және Нұр-Сұлтан қаласы триатлон федерациясының президенті Биржанов Ержан Ерікұлы, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қорының басшысы Нұргүл Ұлжекова қатысты.


Жарысқа тек елордалықтар ғана емес, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен 200-ге жуық спортшы жиналды.

Қатысушылар:

жүгіруден-2 шақырым;

веложарыстан – 3 шақырым;

шаңғы жарысынан - 2,5 шақырым қашықтықта бақ сынады.

Қашықтықты белгіленген уақыттан кешіктірмей аяқтаған жеке жарыстың әрбір қатысушысы мәреде естелік медальдармен марапатталды.

Жас санаты бойынша I-II-III орын алған спортшылар 23-25 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының триатлон федерациясының кеңсесінде арнайы марапатталады.

Сондай-ақ, іс-шараның қонақтары мен қатысушылары үшін қоғамдық тамақтану аймағы (далалық ас үй) ұйымдастырылды.

«Жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат - спорт әуесқойлары мен салауатты өмір салтын ұстанушылар арасында триатлон, велоспорт, жеңіл атлетика және шаңғы спортын дамыту, салауатты өмір салтын насихаттап, бұқара халықты спортпен айналысуға шақыру»-деп атап өтті Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев.


Жарыстың ең үлкен қатысушысы 62 жастағы Байзақ Талапнұр ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді:

«Қысқы триатлон жарысы өте жақсы өтуде. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мен бұл жарысқа жылда қатысамын. Бүгін жүгірумен бастап, шаңғымен жарыс жолын аяқтадым. Өте қуаныштымын. Барша жастарды спортпен айналысуға шақырамын»,-деді Байзақ Сағындықұлы.

Айта кетейік қатысушылардан жиналған қаражат «Саламатты болашақ» - «Спорт баршаға» әлеуметтік жобасын қолдау үшін «Тең мүмкіндіктер әлемі» қайырымдылық қорына аударылады.


Соңғы жаңалықтар