Нұр-Сұлтанда, Қарағанды мен Ақмола облыстарында газ тарату желілерінің құрылысы жалғасуда

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астанада және Қазақстанның екі өңірінде алғаш рет тауарлық газға шекті көтерме сауда бағасы бекітілді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев халық алдында есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сарыарқа» магистральдық газ құбыры құрылысының арқасында Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарының тұрғындары көгілдір отынды пайдалануға мүмкіндік алды. Қызылорда облысынан басталатын «Сарыарқа» газ құбыры еліміздің астанасын, орталық және солтүстік өңірлерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласының, Ақмола және Қарағанды облыстарының тұтынушылары үшін ҚР Энергетика министрлігі шекті көтерме бағаны 1000 текше метр үшін ҚҚС-сыз 24 537 теңге мөлшерінде бекітті.

«Тауарлық газға шекті көтерме бағаны ҚР Энергетика министрлігі ҚР Ұлттық экономика министрлігімен келісу арқылы ұлттық оператордың тауарлық газды сатып алуға және тауарлық газды тасымалдауға кеткен шығындарын, өңірлерді газбен қамтудың экономикалық және әлеуметтік жағдайларын ескере отырып, бекітеді. Қазіргі уақытта магистральдық газ құбырына қосу үшін жергілікті атқарушы органдар, яғни Нұр-Сұлтан қаласы, Қарағанды және Ақмола облыстарының әкімдіктері газды одан әрі халыққа беру үшін газ тарату желілерінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізуде», - деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.


Соңғы жаңалықтар