Нұр-Сұлтанда халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейтін 8 орталық бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтанда халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейтін 8 орталық ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейтін орталықтары бірінші кезекте көпбалалы аналардың, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың өкілдері болып саналатын түрлі бастамашыл топтардың ұсынысымен ашылып, жұмыс істеп жатыр.

Бұл туралы қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов онлайн брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Қалада 2020 жылдан бастап түрлі бастамашыл топтардың ұсынысымен, әкімдіктің қолдауымен 8 орталық ашылды. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейді. Бұл орталықтар табысты жұмыс істеп келеді. Олардың қатарында «Strong Mothers» білім беру орталығы, «Алтын Шаңырақ Ұясы» киім тігу цехы, «Бақытты Шаңырақ» қызмет көрсету бойынша көпсалалы орталық және т.б. бар. Бұл жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі», - деді Дәурен Бабамұратов.

Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін Нұр-Сұлтанда тұрғын үй саласында қызмет көрсететін бірыңғай орталық жұмыс істейді. Бұл орталықта түрлі кеңес алуға болады. Мысалға тұрғын үй кезегіне тұру, тұрғын үй кезегінің нөмірін тексеру, тұрғын үй бағдарламаларына кім және қандай талаптар бойынша қатыса алады, тұрғын үй сертификатын қалай алуға болады, кредиттік/жалдамалы пәтерлер мәселелері секілді түрлі сауалдарға жауап алуға болады.

Мұндай орталықтар жұмысты жүйелендіруге және «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. 2019 жылы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды, онда мамандар азаматтарға әлеуметтік мәселелер бойынша кеңес береді.

Оның айтуынша, Open Akimat аясында қалалық әкімдік бастамашыл топтардың өкілдерімен жүйелі түрде кездесулер өткізіп, туындаған мәселелерді түсіндіреді. Сондай-ақ, бастамашыл топтарды қызықтыратын заңнамадағы өзгерістерді түсіндіру мақсатында Парламент Мәжілісі депутаттарымен, Үкімет өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды.

«Нұр-Сұлтан қаласында түрлі бастамашыл топтардың әрбір сұранысымен тиісті, атаулы, екпінді жұмыс бар. Ол ылғи әрі тұрақты жүргізіледі. Бұдан басқа, әрбір азамат қала әкімі Алтай Сейдірұлына тікелей жүгіне алады. Тек 2020 жылдың өзінде қала әкімі 1200-ден астам азаматты жеке қабылдады. 2021 жылдың бірінші тоқсанында 100-ден астам адам елорда әкімінің жеке қабылдауында болды. Азаматтардың мәселелерінің 70%-дан астамы сол жерде немесе бір-екі күн ішінде шешіледі. Елорда әкімдігі әрдайым ашық деп сеніммен айта аламыз, қала тұрғындарының мүдделерін қозғайтын әрбір бастама тыңдаусыз қалмай, назарға алынады», — деп түйіндеді Дәурен Бабамұратов.

Сонымен қатар, ол наурыз айы елордада «Қайырымды істер» ұранымен өткенін, оның аясында еріктілер қаланың мұқтаж отбасыларына азық-түлік себеттерін жеткізгенін еске салды.

Биыл Наурыз мейрамы қайырымдылық акциялары мен игі істер аясында атап өтілді. Мереке күндері әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға төрт мыңға жуық азық-түлік себеті таратылды.

Естеріңізге сала кетейік, себеттерді тарату акциясы осы жылдың наурыз айында өткізілді. Оған мәслихат депутаттары, Halyk Bank, меценаттар, кәсіпкерлер, еріктілер, сондай-ақ қаланың белсенді тұрғындары қатысты.

Сонымен қатар, еріктілер мұқтаж жандардың, жалғыз басты қарт адамдардың аулаларының қарын күреуге көмектесті.

Айта кету керек, акциялар қатаң санитарлық нормалар мен талаптарды сақтай отырып өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар