Нұр-Сұлтанда ДСҰ-ның министрлік конференциясы өткізіле ме – Сұлтановтың жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты халықаралық деңгейдегі барлық іс-шара өткізілмейді. Не болмаса олар кейінге шегеріледі. ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұған дейін жарияланғанындай, алдын алу шараларының бірі ретінде барлық ірі, бұқаралық іс-шара болмайды. Астана экономикалық форумы биыл өткізілмейді», - деді Сауда және интеграция министрі.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлік конференциясын биыл Қазақстанда өткізу жоспарланған. Қазақстандық тарап қазіргі ахуалға байланысты ұйымның бас хатшылығына сұрау жолдап отыр.

«ДСҰ министрлік конференциясы бойынша біз Дүниежүзілік сауда ұйымының хатшылығымен кеңестік. Пандемия жарияланғаннан кейін бұл сұрақты ДСҰ хатшылығына Бас кеңестің кезекті отырысына шығаруын сұрадық. Шешімді 164 елдің бәрі қабылдағандықтан бәрі де өз пікірін білдіруі тиіс. Дүниежүзілік сауда ұйымының барлық елі бұл проблемамен бетпе-бет келіп отыр. Соған қарағанда келе алмайтын секілді. Шешім қабылдауы үшін хатшылыққа жүгіндік. Барлық ірі шара ұйымдастырылмайды, я болмаса кейінге шегеріледі. Бүкіл әлемде осылай. Бұл ережені біз де ұстануымыз керек», - деді ол.

Еске сала кетсек, ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың Женеваға сапарында Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлік конференциясын Қазақстанда өткізу туралы келісімге қол қойылған еді.


Соңғы жаңалықтар