Нұр-Сұлтанда бір күнде 3 мыңға жуық ағаш отырғызылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Кеше елордада World Cleanup day 2021 дүниежүзілік тазалық күні және «Birge – taza Qazaqstan» республикалық экобастамасы аясында санитарлық нормалар мен карантин талаптарын сақтай отырып, жалпықалалық сенбілік өтті. Қаланың түкпір-түкпіріне 3 мыңға жуық ағаш отырғызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің өкімімен 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында елордада қысқы кезеңге дайындық және күзгі кезеңде жасыл желек отырғызу бойынша «Birge – taza Qazaqstan» экологиялық акциясы жарияланды.

Шараға 87 мемлекеттік орган, 17 елшілік ұжымы, сондай-ақ 2,5 мыңнан астам кәсіпорын, ұйымдар мен мекемелер қатысты.

Барлық ауданда жалпы көлемі 3 млн шаршы метр болатын саябақтар мен гүлзарлар тазартылды, 3 мыңға жуық ағаш отырғызылды, оның ішінде – қызыл тал, татар үйеңкісі, шырша, қарағай, қайың, емен, пирамидалық терек, шетен жидегі, сирень, бөріқарақат, жөке және басқалар бар.

«Өткенге көз салып өтейік. Ең алғашқы сенбілікке біз 1997 жылы, жаңа астанаға көшкенде қатыстық. Бүгінге дейін біздің қызметкерлер осындай іс-шараларға қатысып, өзгелермен араласуға, таза ауада уақыт өткізуге атсалысып келеді. Отбасылар ағаш отырғызады. Сенбіліктер бізді ұйымшыл команда етуге септігін тигізеді. Елордамыздың дамуына өз үлесімізді қосқанымызға қуаныштымыз», - деді Президент Әкімшілігінің бөлім меңгерушісі, ПА кәсіподақ ұйымының төрағасы Ғани Тілеубеков.

Сондай-ақ, ағаш отырғызу бастамасын Премьер-Министр кеңсесінің, Парламент, Nur Otan партиясы орталық аппараты, Жоғарғы сот, Конституциялық кеңестің, елшіліктердің және басқа мекеме өкілдері қолдады.

«Жасотандықтар «Бірге — таза Қазақстан» республикалық акциясын алғашқылардың бірі болып қолдады. Басты мақсат – қаланы көгалдандыру. Jas Otan 100 мыңнан астам жас қазақстандықты біріктіреді. Айлық аясында олар өз үлестерін қосады. Бұл біз үшін экологиялық акция ғана емес, оған тәрбиелік маңызды да қосып отырмыз. Өскелең ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелейміз, туған елге деген сүйіспеншілікте тәрбиелейміз, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым айтып отыратын жаңа құндылықтарды қалыптастырамыз. Біз, жасотандықтар, алдағы уақытта осындай акцияларға қатысатын боламыз», - деді Jas Otan жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.

Жалпықалалық сенбілік кезінде 214 тонна қоқыс жиналып, полигонға шығарылды, 56 рейс жасалды.

«Бүгін – Дүниежүзілік тазалық күні. Ал елордада экологиялық айлық өтіп жатыр. Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің өкілдері елшілікке іргелес аумақты жақсарту жөніндегі кереметтей іс-шараға қуана қосылды, біз осында тұрамыз және жұмыс істейміз. Әрине, өз еңбегіміздің жемісін көретінімізге қуанамыз. Ағаш отырғызуға шамамен 12 адам қатысты. Арамызда кәсіби бағбандар да бар», - деп атап өтті Қазақстандағы РФ елшілігінің баспасөз хатшысы Александр Останин.

Айта кету керек, сенбілік санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді: маска режимі, әлеуметтік қашықтық, қолғап кию арқылы қол гигиенасы сақталды.


Соңғы жаңалықтар