Нұр-Сұлтанда баласы қараусыз түнде қыдырған 1500 ата-ана жазаланды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері елордада жасөспірім балалары түнгі көңіл көтеретін орындарда жүрген 1500 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Нұр-Сұлтан қалалық ПД Жергілікті полиция қызметінің жасөспірімдер ісі жөніндегі полиция бөлімшесінің қызметкерлері 3 маусым күні бір тәулік ішінде ғана түнде үйінен тыс жүрген 70-ке тарта жасөспірімді анықтады. Оларға қатысты ҚР ӘҚБжК 442-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

Сонымен қатар волонтерлердің көмегімен қаладағы коттедждердің бірінде түлектердің мектеп бітірген күнін тойлаған факті анықталды. Тәртіп сақшылары 15 баланы ата-анасына тапсырған.

«Егер баланың бір түн үйінде болмағаны анықталса, ата-анасына алдымен ескерту жасалады. Жағдай қайталанса, іс Нұр-Сұлтан қаласының жасөспірімдер ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданады», - деп атап өтеді Полиция департаментінен.

Полиция сонымен қатар бұл іске қатысты балалардың ата-аналары ғана емес, оларды кешкісін қабылдаған көңіл көтеретін орын иелері де жазаланатынын ескертеді. Мәселен жыл басынан бері ойын-сауық орындарының 62 иесіне қатысты ҚР ӘҚБжК-нің 132-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті сағат 22.00-ден таңғы 06.00-ге дейін жасөспірімдердің көңіл көтеретін орындарында болмауы керектігін ескертеді.


Соңғы жаңалықтар