Нұр-Сұлтанда азық-түлік қоры жеткілікті - әкімдік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Карантин енгізілген сәттен бастап елордаға жалпы көлемі 40 мың тоннаға жуықты құрайтын 3 800 жүк көлігі кірді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Карантин режимі енгізілгелі жарты айдай уақыт өтті. Қалаға азық-түлік тауарлары үздіксіз жеткізілуде. Жүк тасымалы үшін кіреберістерде «жасыл дәліз« жасақталған. Карантин енгізілген сәттен бастап қалаға жалпы көлемі 40 мың тоннаға жуықты құрайтын 3 800 жүк көлігі кірді. Оның ішінде азық-түлік көлемі 14 315 тоннаны құрайды. Бұл сауда желілері мен базарлардың қазіргі көлеміне сәйкес келеді. Бүгінде қалада азық-түлік қоры жеткілікті. Қалада «А» санатты 5 ірі қойма және 7 көкөніс қоймасы бар. Олардың барлығында азық-түлік қоры жеткілікті. Кеше Мемлекет басшысымен сол қоймалардың бірінде болдық. Тауар тапшылығы байқалмайды», - деді ол.

Ерлан Бекмырзаевтың атап өтуінше, 19 позициядағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік 30 мың тонна көлемінде бар. Оның 25 мың тоннасы қоймалар мен көкөніс қоймаларында сақталған, қалған 5 мың тоннасы қаланың тұрақтандыру қорына түскен.

«Қала әкімдігі резервтерді толтыру бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. Біріншіден, біз өңірлермен жеміс-көкөніс тобына, ет және азық-түлік өнімдеріне белгіленген бағамен «форвардтық келісімшарт» жасауды пысықтаудамыз. Ол: Түркістан, Жамбыл, Ақмола және Павлодар облыстары. Екіншіден, «Айналым тізбесі» бойынша күріш, қарақұмық және көкөніс тобына белгіленген бағамен сатылатын шартымен ірі бөлшек сауда желілерімен жеңілдетілген несие туралы келісімдерге қол қойылды. Қосымша жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңгедей ақша бөлінді. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бекіту үшін жеңілдетілген несие бағытталған», - деді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар