Нұр-Сұлтанда 70-тен астам сауда үйі тексеріліп, 30 нысанға ескерту жасалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада қайта ашылған сауда орталықтарындағы санитарлық талаптар тексеріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін біз тағы бір мониторинг жұмысын жүргіздік. Мұндай тексерулер сауда орындары қайта ашылған сәттен бері жүргізіліп келеді. Мониторинг тобының негізгі міндеті - бас мемлекеттік санитарлық дәрігер белгілеген санитарлық талаптардың сақталуын бағалау. Бір ғана 20-24 мамыр аралығында төрт ауданның мониторингтік тобы 70-тен астам нысанды тексерді. Оның ішінде 30 нысанға ескерту берілді. Кейбірінде тепловизор болмаған, кейбір қызметкерлер маска тақпаған. Есеп журналы жүргізілмеген немесе тазалық жұмысы жасалмаған нысандар болды. Бір қауіпсіздік талаптарына сай келмегені үшін жабылды», - деді елордалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының Сауда және қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Азамат Рашитов рейд барысында.


Спикер қаланың төрт ауданында төрт бақылау тобы жұмыс істейтінін және ескерту берілген нысандардың қайта тексерілетінін атап өтті.

«Санитарлық талаптардың бұзылуының алдын алу үшін күн сайын ондаған рейд өткіземіз. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады. Қаладағы жағдай әзірге тұрақты. Арнайы жоспар бойынша сауда нысандарына барамыз және ескеру жасалған нысандарды қайта тексереміз, ikomek-тің 109 нөміріне немесе әкімдікке келіп түскен шағымдарды қараймыз. Мәселен, елорданың Алматы ауданындағы «Сәуле» сауда үйіне бұған дейін ескерту жасалған еді. Бүгін онда келушілердің барлығының маскамен жүргенін және тепловизор мен санитайзерлер орнатылғанын көріп отырмыз. Желдету жүйесі іске қосылған. Біздің міндетіміз - санитарлық талаптардың орындалуын қадағалау», - деді ол.

Сонымен бірге, Алматы ауданы Қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Асқар Сағынаев сауда нысандарына қандай талап қойылатынын түсіндірді.

«Күн сайын қызметкерлер мен келушілердің дене қызуы өлшенуі керек. Таңертең және кешке қызметкерлердің дене температурасы арнайы есеп журналына жазылып отыруы тиіс. Кіреберісте қолға жағатын санитайзер тұруы міндетті. Арнайы жауапты адам бәрін бақылап, келушілерге санитарлық талаптарды түсіндіруі керек. Келушілер де, қызметкерлер де маскада болуы қажет», - деді А. Сағынаев.


Өз кезегінде «Сәуле» сауда үйінің өкілі де жағдайды түсіндірді.

«Бұған дейін келушілердің дене қызуын өлшеу бойынша ескерту жасалды. Сосын бір қызметкерімізде маска болмаған. Жалпы, басқа ережелерді сақтап келеміз. Тазалық жұмысы күніне екі рет жүргізіледі. Қызметкерлердің дене қызуы өлшеніп, арнайы журналға жазылады. Жуу құралдары да жеткілікті көлемде бар», - деді «Сәуле» сауда үйі әкімшісінің көмекшісі Гауһар Ермағамбетова.

Айта кетейік, 20 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Петропавл қалаларында сауда, ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық моншалар қайта ашылды. Бірақ, ойын-сауық алаңдары, фудкорттар, кинотеатрлар әзірге іске қосылмайды.



Соңғы жаңалықтар