Нұр-Сұлтанда 17 мың оқушыға 680 млн теңгеге көмек көрсетіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтанда 17 мың оқушыға 680 млн теңгеге көмек көрсетіледі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білесіздер, 18 тамызда әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушыларға материалдық көмек көрсетуге бағытталған жалпыға міндетті білім бағдарламасы басталды. Бүгінгі күнге дейін 8 730 балаға көмек берілді. 16 компания 27 сауда нүктесі жұмыс істейді. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жалпы осы жылы киім-кешек және мектеп құралдарын сатып алуға 1 балаға 40 мың теңгеден қаражат бөлініп отыр. Осы мерзімде 17 мың баланы қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Қордың жалпы сомасы - 680 млн теңге», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, ол жыл соңына дейін 13 білім нысанын пайдалануға беру жоспарланғанын айтты. Оның ішінде 7 мектеп, 6 жапсаржай бар.

«1 қыркүйекке дейін 3 жаңа мектеп және жұмыс істеп тұрған мектептерде 2 қосымша ғимарат ашу жоспарланып отыр. Қалған білім нысандарының құрылысы осы жылдың соңына дейін аяқталады», - деді Шолпан Қадырова.


Соңғы жаңалықтар