Нұр-Сұлтан әкімдігі 82 жер учаскесінің иелеріне 1,5 млрд теңге өтемақы төлейтін болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорданың мәслихат депутаттары Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының қала аумағындағы 82 жер учаскесінің иелеріне 1,5 млрд теңге өтемақы төлеу туралы жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында «Жер учаскелерін мемлекеттік мұқтаж үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару шарттарының жобаларын келісу туралы» шешім жобасын Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әнуар Саипов баяндады.

«Қалалық мәслихат сессиясының қарауына 1 млрд 486 млн теңге сомасында, жалпы ауданы 4,05 гектар болатын 12 обьект бойынша 82 жер учаскесін сатып алу туралы шарттың жобасы ұсынылады», - деді басқарма басшысы.

Жер учаскелерін сатып алу шарты мынадай нысандарды қамтиды:

1. А-50 және А-51 көшелерінің құрылысы – А.Байтұрсынов және Ж.Нәжімеденов көшелерінің аралығы;

2. Тұран даңғылы №227 көшенің қиылысындағы әкімшілік ғимарат құрылысы;

3. Қабанбай батыр және Хусейн Бен Талал даңғылдарының қиылысындағы әкімшілік ғимарат құрылысы;

4. Тәуелсіздік даңғылы мен Шарль де Голь көшесінің қиылысындағы құрамдас ғимараттар мен паркингі бар тұрғын үй кешенінің құрылысы;

5. Шарль де Голь және Асқар Тоқпанов көшелерінің қиылысу ауданындағы жаңа көше құрылысы;

6. Ш.Құдайберді ұлы көшесіндегі №2/1 және №2/2 үйлердің ауданында құрамдас ғимараттар мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы;

7. Күмісбеков және Қосшығұлов көшелерінің қиылысындағы құрамдас ғимараттар мен паркингі бар көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысы;

8. Ақадыр және Игілік көшелерінің қиылысындағы учаскені абаттандыру;

9. Суворов көшесіндегі №16 үйдің ауданындағы учаскені абаттандыру;

10. «Өндіріс» тұрғын массивінің Тайбурыл және Игілік көшелерінің қиылысындағы мектеп құрылысы;

11. А.Иманов және «Егемен Қазақстан» газеті көшелерінің қиылысындағы мектеп құрылысы;

12. «Тэльман» тұрғын массивіндегі парк-сквер құрылысы;

«Барлық жер учаскелерінің меншік иелері ұсынылған компенсация сомасымен танысты. Жазбаша келісімдері бар», - деді Әнуар Саипов.

Мәслихат депутаттары шешім жобасын мақұлдап дауыс берді.


Соңғы жаңалықтар