«Nur Otan» Ресейден әкелінген дәрінің Павлодар облысына таратылуын қадағалайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Nur Otan» партиясы Павлодар облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшелері өңірдегі медициналық мекемелерге жеке қорғану құралдары мен дәрі-дәрмек препараттары түрінде Қытай мен Ресейден келген гуманитарлық көмекке мониторинг жүргізді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Мониторинг жүргізген жұмыс тобының құрамына партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, аймақтағы кәсіподақтар бірлестігінің және қоғамдық кеңес мүшелері кірді.

Гуманитарлық көмектің ішінде арнайы материалдардан жасалған қорғаныш киімінің жиынтығы, медициналық маскалар, қорғаныс көзілдірігі мен комбинезондар, хирургиялық қолғаптар, инфрақызыл термометрлер бар. Сондай-ақ, Павлодар облысына алғаш рет коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды орташа ауыр жағдайда емдеуге арналған коронавир дәрілік препараттының 230 қаптамасы келді. Бұл гуманитарлық көмек өңірдің 38 медициналық мекемесіне бөлінді. Павлодар облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі құрал-жабдықтардың талан-таражға түсіп кетпеуі үшін әрбір қаптамаға «тегін» деген таңба салды. Партиялық бақылау тобының мүшелері көмектің әрбір ауруханаға жүйелі түрде таратылуын қадағалайды. Алдағы аптада мұндай мониторингті қалалар мен аудандарда партиялық бақылау комиссиясының мүшелері одан әрі жүргізбек.

«Менің ойымша, адамдарға айқын көрініп тұратын ең тиімді әдіс – гуманитарлық көмек. Көмек ретінде жіберілген дүние сатылымға түспеуі керек. Дәріханаларда сатылып тұрғанын көрген азаматтардан бұл туралы бізге дер кезінде хабарлауын өтінеміз», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаментінің бірінші орынбасары Ардақ Балғожин.


Сонымен қатар Павлодар облысының кәсіпкерлері провизорлық госпитальдарға 3 дана Бобров аппараты мен дәрілік препараттар және 1400 литрден астам ауыз су жеткізді.

«Nur Otan» партиясы қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Михаил Желнов оттегіні ылғалдандыру үшін Бобровтың 3 аппаратын сатып алып, оны облыстық кардиологиялық орталығына, №1 қалалық ауруханаға және жедел медициналық жәрдем ауруханасына табыстады. Сондай-ақ, провизорлық госпитальдардың қызметкерлеріне кәсіпкер 400 литрден астам ауыз су апарды.

« Бұл ауруға салғырт қарауға болмайды, бұны барлығы түсінді. Ешкім бұлай болады деп ойлаған жоқ. Өйткені адамдар 5 ай бойы палаталардан шыққан жоқ деуге болады. Дәрігерлер, медбикелер, тіпті жүргізушілер және басқа да қызметкерлер бұл дертпен күресіп жатыр. Сондықтан кәсіпкерлер де бұл дертті ауыздықтауға өз үлестерін қосуы керек деп есептеймін. Мен кәсіпкер ретінде өз шама-шарқымша 1 қалалық ауруханаға көмек бердім. Кір жуатын машиналар, бетперделер және ауызсумен қамтамасыз еттім. Түркияда жасалған оттегі аппараттарын алдырдық. Елге пайдасы тисе деймін. Өзім сияқты барлық кәсіпкерлерді, жалпы ақшасы бар, мүмкіндігі бар жандарды көмек қолын созуға шақырамын. Ақшалай болсын, дәрі-дәрмек, азық-түлік арқылы болсын, ауруханаларға, мұқтаж адамдарға көмектесейік. Ел басына үлкен қатер төнді. соны бірге жеңіп, қиындықты бірге еңсеруіміз керек « , – деді Михаил Желнов.


Облыс орталығында провизорлық госпитальдар мен ауруханаларға көмек көрсету бойынша жұмыстар одан әрі жалғасты. Қалалық мәслихат депутаттары мен бизнесмендер тұрақты түрде демеу болып, Мойылды шипажайы, психоневрологиялық диспансер және №3 қалалық аурухана базасында провизорлық госпитальдардың пациенттері дәрі-дәрмектер мен қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. №1 қалалық ауруханаға 2 кір жуғыш машина, минералды су және медициналық маскалар жеткізілсе, №2 қалалық емханаға-минералды су және медициналық маскалар үлестірілді. Оған қоса обаға қарсы 7 костюм, 5 жұп қорғаныш көзілдірігі, 100 жұп бахила, 100 жұп медициналық қолғаптар және мешіт қызметкерлеріне арналған 15 респираторлық маскалар тігіліп, таратылды. Өңірдегі халық қалаулылары мен кәсіпкерлер медициналық мекемелерге бірнеше рет көмек көрсеткен, және бұл жұмысты одан әрі жалғастырмақ ниетте. Сонымен қатар өңірдің белсенді азаматтарын бұл бастаманы қолдауға шақырып отыр.

Аталмыш акцияның жүзеге асуына жасотандықтар да өз үлесін қосты.


Соңғы жаңалықтар