«Nur Otan» праймеризі гендерлік саясатқа жаңа леп алып келеді – Саясаттанушы Меруерт Төлебаева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгінгі таңда «Nur Otan» партиясы мемлекетімізде саяси мәдениеттің дамуына жаңа серпін берді. Мұны бәрімізді елең еткізіп, елімізде айтарлықтай саяси жаңалық болған билеуші партияның саяси науқаны праймериз анық көрсетті. Праймериз нәтижесінде Елбасы бастамасымен былтыр қолға алынған партияны «қайта жандандыру» бағдарламасы түйінделді. Партия жаңғырып, қатары жаңа тұлғалармен толықты.


Кеше «Жеті күн» бағдарламасында «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек праймериз еліміздегі көптеген азаматтар үшін әлеуметтік лифт болғанын, партия әділ де ашық праймериз өткізе алғанына және партияішілік іріктеу нәтижелеріне тоқталды.

Сонымен, праймериз нәтижелері туралы ақпаратқа тоқтала кетсек, барлық сайлаушылардың 662 687 (84,2 %) праймеризде дауыс беруге қатысқан. Праймеризге қатысқан 10 073 тіркелген үміткердің 1410 қазіргі жұмыс істеп тұрған мәслихат депутаттары. Солардың ішінде 213 үміткер ішкі партиялық іріктеудің бірінші кезеңінен өте алмаған. Осылайша, ішкі іріктеудің қорытындысы бойынша жетекші партиялық тізім 60% астамға жаңарады деп айтуға болады. Жалпы праймериз аясында 1980 дебат, 123656 іс-шара, олардың ішінде 1,4 млн адамды қамтыған 62810 іс-шара, әлеуметтік желілерде 60846, республикалық және аймақтық БАҚ 4113 материал жарық көрген. Қатысқан үміткерлердің 36,7% - әйелдер, 29% - 35 жасқа дейінгі жастар. Сайлау заңнамасына енген өзгерістерге сай және партия Төрағасының тапсырмасы бойынша мәжіліске және мәслихаттарға ұсынылатын партиялық тізімде кем дегенде әйелдерге 30% және 35 жасқа дейінгі жастар үшін 20% квота белгіленген.

Ішкі партиялық іріктеуде алдыңғы қатарда орын алған әйел үміткерлер де бар. Солардың қатарында мысалы, Қызылорда қаласы бойынша «Қазпочта» өкілі Әбибулаева Аида 3828 дауыспен, Алматы қаласы Алатау ауданы бойынша мектеп директоры Бекенова Гүлжан 3129 дауыспен, Жамбыл облысы Жуалы ауданы бойынша гимназия директоры Абишева Эльмира 2384 дауыспен бірінші орын алған. Жеңімпаздар қатарында ұстаздар, дәрігерлер, жеке кәсіпкерлік өкілдері болғаны көңіл қуантады.

Осы праймериздің ең басты ерекшелігі біздің елімізде гендерлік саясаттың дамуына өзіндік үлес қоса алғанында деп есептейміз. Біздің саяси жүйеде алғаш рет өткізілген праймериз белсенділігі жоғары әйел адамдар үшін «әлеуметтік лифт» болып партияішілік іріктеуден өтуге зор мүмкіндік жасап әйел құқықтарына басымдық берілді: Себебі Мәжіліс Парламентіндегі әйел депуттаттардың үлесі 27 пайыз және маслихатта 22 пайызды құрайды, алайда БҰҰ даму бағдарламасы бойынша гендерлік теңдік деңгейі бойынша елдер рейтингінде (The Global Gender Gap Index) 2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Италия, Ресей, Бразилия, Грекия, Грузия, Чехия, Қытай және басқа да көптеген мемлекеттерден жоғары орналасып, 153 ел арасында 72-орынға тұрақтады.

Билеуші партия өткізген праймериз арқасында, егер алдағы сайлауда партия жеңіске жетсе ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарда әйелдердің өкілдігі айтарлықтай артатын болады. Елбасының тапсырмасы бойынша Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың партиялық тізімдерінде квоталар ескеріле отырып әйелдердің кемінде 30 пайызы қалыптасу қажет. Нәзік жандыларды билік органдарына біртіндеп тарту дәстүрін партия лидері Н.Ә.Назарбаев үнемі көтеріп келеді. Бүгінде әйелдер Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінің көптеген салаларында, соның ішінде Үкіметтен бастап квазимемлекеттік сектор компанияларына дейінгі басшылық лауазымдарда қызмет етуде. Олар қандай қызмет атқарса да, аналық құқығын гүлдендіре отырып, үлкен жауапкершілік пен сенімділіктің, жоғарғы кәсібиліктің үлгісін көрсетіп, уақыт көшінен қалмай, болашаққа деген сенімнің зор ұйытқысы болуда.

Мысалы, «Nur Otan» партиясының әйел мүшелері, праймеризге аса үлкен белсенділік, жоғары жауапкершілікпен қатысып сайлаушылардың басым даусын жинай алды. Осы жерде партияның танымал әйел мүшелері кімдер деген заңды сұрақ туындайды? Сондықтан олардың бірнешеуі туралы ақпаратпен бөлісіп өтсем. Олар:

Зәкиева Динара Болатқызы, 38 жаста «Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрайымы, Н.Ә. Назарбаев Қоры жанындағы «Қамқорлық Қоры» корпоративтік қорының басшысы

Диана Ерлан, 34 жаста, көп балалы ана, «Nur Otan» партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі, «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңесінің мүшесі

Тұрсынбекова Салтанат Пархатқызы, 54 жаста «Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі

Матайбаева Сайра Әйтенқызы, 52 жаста, танымал кәсіпкер, «Kazyna SR» ЖШС Бас директоры, Целиноград аудандық мәслихатының депутаты. «Kazyna SR» өңдеу өнеркәсібі сегментіндегі ірі компания, білім беру мекемелері, мектепке дейінгі ұйымдар және денсаулық сақтау объектілері үшін сериялық жиһаз шығару бойынша отандық нарықтың көшбасшысы. 2019 жылы Целиноград ауданы Қосшы ауылында «Дара» бизнес Академиясы жеке меншік мектеп-лицейін ашты. Мектеп толығымен С.Матайбаеваның жеке инвестициясына салынған. Жаңа білім беру нысанының құрылысына «Kazyna-SR» ЖШС-нің жеке инвесторы ретінде 450 млн теңге салды

Қайдарова Гүлнәр Шамарқызы, 57 жаста «Гофротара зауыты» ЖШС директоры, Павлодар қ. мәслихатының депутаты, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарын қолдауға бағытталған қоғамдық және қайырымдылық қызметпен белсенді айналысады

Қалижанова Сандуғаш Қайыргелдіқызы, 47 жаста, белгілі кәсіпкер, «Мирас-ПВ» ЖШС директорының орынбасары, халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарын қолдауға бағытталған қоғамдық қайырымдылық қызметпен белсенді айналысады. Қол жетімділік пәні объектілердің мониторингі жөніндегі комиссияның мүшесі

Мусина Венера Маратқызы, 46 жаста, кәсіпкер, «Берік К» ЖШС директоры, «Берік К» компаниясы әлеуметтік жобаларға қатысады, оның ішінде 120 орындық балабақша, 4 топ ашылды, онда балалар орыс немесе қазақ тілдерінде оқиды. «Берік К» балабақшасы барлық қолайлы жағдайлармен жабдықталған, жайлы топтық бөлмелер құрылған

Ибрагимова Ләззат Еркенқызы, 48 жаста, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басшысы. Миссиясы: көптеген отбасылардың жеке тұрғын үй туралы арманын шындыққа айналдыру. Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдаудың тиімділігі мәселелерін зерттеумен айналысады

Архабаева Алма Нұралқызы, «Асыл Арман» ЖШС директоры, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы. «Asyl Arman» корпорациясы, оның басшылығымен денсаулық, сұлулық және гигиена үшін табиғи өнімдерді ұсынатын алғашқы Қазақстандық тікелей сату компанияларының бірі болды. Компания өзінің миссиясын денсаулық, отбасындағы үйлесімділік және қаржылық әл-ауқат сынды қадамдармен біріктіріп, оларға өмір сапасын жақсартуға көмектеседі

Сәрсембаева Раушан Біргебайқызы, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының президенті, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі. Оның басшылығымен бүкіл ел бойынша әйелдердің үкіметтік емес ұйымдарының желісі құрылды. Әрбір өңір мен аудандарда филиалдары құрылған, олардың қызметі қоғамдағы әйелдердің жоғары мәртебесін қалыптастыруға, әйелдердің әлеуметтік және өмірлік бейімделуіне жәрдемдесуге бағытталған. 20 жыл ішінде қауымдастық елде лайықты беделге және қоғамдық ықпалға ие болды. Іске асырылып жатқан жобалар мен бағдарламалар, ең алдымен, әйелдердің еңбек нарығындағы жағдайын жақсартуға, әйелдердің жұмыссыздығымен күресуге, олардың бәсекеге қабілеттілігі мен іскерлік белсенділігін арттыруға, сондай-ақ әйелдерді саясатқа жылжытуға бағытталған

Міне, қазір бізде әйел адамдар қоғамның барлық саласында жемісті істер атқарып келеді. Әйелдердің саяси көшбасшылығы уақыт өткен сайын айқындалып артуда. Қоғам мен мемлекет тарапынан да нәзік жандылардың іскерлік белсенділіктері мен саяси ықпалдастықтарына деген сенім жоғары деңгейде көрініс табуда. Енді отандық саяси истеблишмент толықтай патриархалды деп айта алмаймыз. Бізде саясатта белсенді əйелдер көп. Тек оларды қолдау керек, Парламент, мəслихат орындарына жету үшін əйелдерге сайлау технологиясын үйрету керек. ҚР Президенті жанындағы əйелдер жəне отбасы ісі бойынша ұлттық комиссия дəл осы жұмыспен айналысады. Əйелдерді алға тартып, имиджін жасап жəне оларға дауыс беру керек. Себебі елдегі тұрғындардың тең жартысын əйелдер құрайды.

Сонымен қатар зерттеулерге сүйенсек, лидер əйелдердің стилі ер адамдарға қарағанда өзгеше: əйелдер - сайлаушылардың мұқтаждықтарына сезімталдықпен қарайды, компромиске келуге бейім, саяси жұмыстарда мəселені шешуде демократияшыл. Ал лидер ер адамдардың стилі иерархиялығымен, технократиялығымен ерекшеленеді.

Əйелдердің экономикалық жағынан алға жылжуына көмектесу керек. Саясатқа экономикалық жағынан тəуелсіз əйел саясатпен нақты айналысып, əсер ете алады. Əйелдер мен ерлер экономикалық салада əртүрлі позицияны ұстайды. Əйелдер қызмет көрсету саласында көп кездеседі, мысалы, білім, ақпарат жəне құжатпен қамтамасыз ету, саудада, коммуналдық қызмет көрсету жəне т.б.

Бүгінгі таңда, Қазақстандағы әйелдердің саяси-әлеуметтік белсенділігі артып өз құқықтары үшін күресте жетістіктерге қол жеткізуде, дегенмен әлі де әйелдердің проблемалары өте көп:

Əйелдерді биліктен жəне меншіктен аластату болып мыналар табылады: күрделі əлеуметтік саяси жағдай;

ел өміріндегі экономикалық криминалогия; қоғамдағы əйелдер туралы ескі көзқарас; əйелдерді саяси процесте төмен бағалау;

заңшығарушы билік органдарына əйелдердің қатысуын қиындату; саяси өмірде əйелдер қозғалысының əлсіздігі

Гендерлік сараптама жасау үшін жаңа заңдарды қабылдау үшін жұмыстар жүргізу керек. Біздер БҰҰ-ның халықаралық адам құқықтары жəне əйелдерді дискриминациялаудың барлық түрлерін жою туралы Конвенцияны басшылыққа алуымыз тиіс. Гендерлік саясаттың енгізілуі, əйелдер мүддесін ескере отырып Қазақстандағы саяси процестерді тұрақтандыру, əйелдерді дискриминациялауды жоюға бағытталған заң қабылдау жəне өкілетті органдарда əйелдердің санын көбейту болашақта əлеуметтік саяси келеңсіздіктердің алдын алады. Билеуші партия өткізген праймериз еліміздегі гендерлік саясатқа жаңа леп алып келеді деп үміттенеміз!

Төлебаева Меруерт, саясаттанушы


Соңғы жаңалықтар