«Нұр Отан» партиясы ұмытылған батырлардың туыстарын іздестіруге кірісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - "Нұр Отан" партиясы "Ұмытылған батырлар" жобасына аясындағы іздестіру жұмыстарын бастады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, 9 мамыр - Жеңіс күніне орай республикалық акция жарияланды. Соның аясында ерлігі ескерілмей қалған батырлардың туған-туысқандарын іздестіру жұмыстары атқарылады. Негізгі мақсат - ұмытылған батырлардың істерін xалыққа жеткізу, олардың ерліктерін тариxта қалдыру. "Ресми деректерге сәйкес, II Дүниежүзілік соғыс кезінде Қазақстан жерінен шыққан жүздеген азамат ерлік жасап, жанкештілігімен көзге түсті. Олардың саны одан да көп болуы әбден мүмкін. Батырлық көрсетсе де, тиісті дәрежеде марапатталмады. Сол кезде олардың ерлігі ескерілмей қалды. Осыған байланысты біз "Ұмытылған батырлар" жобасы аясында арнайы акцияны жарияладық. Әрине, ол батырлардың барлығы о дүниелік болып кетті. Дегенмен, біз олардың туған-туыстарын, балаларын, немерелерін тауып, аталары жасаған ерліктерді жеткізуіміз керек", - деді М.Әшімбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның айтуынша, "Ұмытылған батырлар" жобасы аясында бөлек бір жинақты да шығару жоспарланып отыр. Осылайша, олардың ерліктерін тариxта қалдыру қажет.

Айта кетейік, бұған дейін «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы да "Ұмытылған батырлар" жобасы жайында айтқан болатын. «Оларды Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған. Бірақ әртүрлі себептермен ол атақты бермеген. Ондай азаматтар көп. Мысалы, снайпер Төлеуғали Әбдібековті бәрі біледі. Ол 400-ге жуық дұшпанды өлтірген. Сосын танкист Жұмаш Ахметов бар. Былтыр ғана ондай азаматтардың саны 14-15 адам деп ойлағанбыз. Қазір біраз жаңа деректер шығып жатыр. Соған сәйкес, 100-ден астам жерлесіміз ерекше ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да  ала алмаған. Олардың ішінде екі рет ұсынылғандар да бар. Сонда да берілмеді», - дейді Б.Әбдіғалиұлы. 

Соңғы жаңалықтар