Nur Otan: БҚО-дан Мәжіліс сайлауына 3 үміткер қатысады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXVI конференциясы өтіп, онда Мәжіліс және мәслихат депутаттығына үміткерлер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияға қатысқан облыс әкімі, филиал төрағасы Ғали Есқалиевтің атап өткеніндей, Елбасының бастамасымен тәуелсіз ел тарихында биыл алғаш рет жалпыұлттық деңгейде өткен праймеризге батысқазақстандықтар да белсенді қатысты.

Осы орайда жастар мен әйелдердің белсенділігі ерекше болды. БҚО бойынша праймеризде 460 кандидат тіркеліп, соның 421-і додаға қатысты. Соның ішінде 155-і немесе 36,8 пайызы – әйелдер, 144-і немесе 34,2 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар болды.

Төрт күнге созылған дауыс беруде өңірде 22903 партия мүшесі немесе 85 пайызы өз таңдауын жасады. Осы аралықта облыс тұрғындарынан 1205 ұсыныс түсіп, соның 77 пайызы партияның облыс, қала және аудандық филиалдарының сайлауалды бағдарламасына енгізілді.

Облыстық конференция барысында ҚР Парламенті Мәжілісіне кандидаттарға дауыс беру үшін дебат өткізілді. Дебат аяқталысымен делегаттар дауыс беру кабиналарына барып, Мәжіліске партиялық тізімге қатысушы кандидаттарға дауыс берді.


«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев конференцияның барлық делегаттары дауыс беруге қатысқандығын мәлімдеп, ақпараттық жүйе арқылы дауыс берудің қорытындысымен таныстырды.

Дауыс беру нәтижесінде ең көп дауыс жинаған үш кандидат конференция шешімімен ҚР Парламенті Мәжілісінің өңірлік квотасына сәйкес партиялық тізімге енгізу үшін съезге ұсынылды.

Конференция депутаттарының дауыс беруі қорытындысымен 120 дауыс жинаған Мәлік Құлшар, 116 дауыспен Жаңабек Жақсығалиев, 109 дауыспен Сәбира Сүндетова үздік үштікке ілікті.

Сондай-ақ конференция барысында «Nur Otan» партиясынан Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізім бекітілді.

Партиялық тізімге енгізілген 47 адамнан тұратын тізімді конференция делегаттары бірауыздан қолдады.

Бұдан кейін 25 қарашада өтетін «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезіне өңірден қатысатын 20 делегаттың тізімі анықталды.

Сонымен қатар «Nur Otan» партиясы БҚО филиалы саяси кеңесінің жаңа құрамы сайланды. ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауында партияның үгіт жұмыстарын ұйымдастыру бойынша облыстық, қалалық, аудандық сайлауалды штаб құрамы жасақталды.

«Nur Otan» партиясы БҚО филиалының төрағасы Ғали Есқалиевтің ұйғарымымен облыстық сайлауалды штабының басшысы ретінде филиал төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев бекітілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда праймериздің екінші кезеңіне «Nur Otan» партиясынан үміткерлер іріктелгенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар