«Nur Otan» азық-түлік бағасына мониторинг жүргізуде

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен Түркістандағы «Қуаныш» орталық базарында азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мониторингтік топ құрамында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев, Түркістан облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы, орталық базар басшылығы және БАҚ өкілдері болды.

Бүгінде коронавирус дертінің таралуына байланысты Қазақстан Республикасында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі. Мониторинг барысында азық-түлік бағасы тексеріліп, базар басшылығы мен кәсіпкерлерге бағаны негізсіз көтермеу керектігі айтылды.
Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев бағаны бақылау бағытында мониторинг жұмыстары тұрақты түрде жүретінін айтты.
«Өздеріңіз білетіндей, қазір әлем дүрлігіп тұр. Осы сәтте ел болып бірігіп, жұдырықтай жұмылып әрекет еткен жөн. Әр кәсіпкер, әр азамат өз саласы бойынша елге пайдалы жұмыс істеуі тиіс. Кәсіпкерлер мүмкіндігінше бағаны қолдан өсірмей, елдің жағдайымен санасқаны абзал. Бүгін мониторнг барысында ет, нан, күріштің бағасы қымбаттамағанын көрдік. Тиісінше картоп, шекер және тауық еті сынды бірнеше тауар түрі сәл қымбаттаған. Жуырда министрлік тарапынан халық жиі тұтынатын азық-түлік өнімдеріне шектік баға қойылады. Бағаны өсірмеу үшін тұрақтандыру қорындағы өнімнің де маңызы зор. Біз мониторинг қортындысы бойынша әкімдік пен тиісті басқармаға ұсыныстар береміз. Тексеру барысында кәсіпкерлер бағаны өтірік төмендетіп қоймауы үшін мұндай тексеру жұмыстары ескертусіз әрі тұрақты жүретін болады. Партияның аудандық және қалалық филиалдары да сауда орындарында мониторинг жүргізіп жатыр», – дейді ол.
Ал «Қуаныш» базарының басшысы Инара Намазбаева бағаны өсірмеу бағытында жұмыс жүріп жатқанын, тауарға 10-15 пайыздан артық үстемақы қоймау жағы қатаң бақылауда екенін мәлімдеді. Сонымен бірге базарды дезинфекциялау жұмыстары тұрақты жүріп жатқанын жеткізді.
Кәсіпкерлер болса, көтерме сауда жасайтын азаматтар мен өндірушілер тарапынан тауар бағасы сәл қымбаттап келіп жатқанын айтады. Бүгінде «Қуаныш» базарында жылқы еті 1900 теңге болса, сиыр мен қой еті де 1800-1900 теңге аралығында саудануда. Нан 60-70 теңге аралығында. Яғни, баға өспеген. Ал картоп бағасы 140-150 теңгеге жеткен. Көкөніс пен тауық еті аздап қымбаттаған.
Түркістан облысында 72 базар бар. Оның ішінде 14-і мал базары, болса, 4 автокөлік және 54 әмбебап базар халыққа қызмет етеді. Ал Түркістан қаласында 8 базар бар. Оның үшеуі – әмбебап базарлар.
Түркiстан облысында төтенше жағдайға байланысты сауда нысандары санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, жұмыс істеу уақытын сағат 10-нан 18-ге дейін шектеді. Азық-түлік дүкендері, азық-түлік супермаркеттері мен азық-түлік базарлары санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, әдеттегі режимде жұмыс істейді, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдерді тек оралған күйінде сатылуы тиіс.
Облыс орталығындағы «Əзиз», «Қуаныш» базарлары мен əлеуметтiк дүкендер қалыпты режимде жұмыс істеуде. Сатып алушылардың саны қалыпты, жасанды азық-түлiк тапшылығы жоқ.
Бүгінгі күнге облыс аумағындағы қоймалар мен ірі сауда нысандарында 19 атаулы тауардан 30 878 тонна өнім сақтаулы тұр. Бұл көрсеткіш күнделікті өзгеріп тұратыны белгілі. Жалпы азық-түлік қоры жеткілікті. Азық-түлік бағасының өспеуі «Nur Otan» партиясы мен облыс әкімдігінің тікелей бақылауында болады.


Соңғы жаңалықтар