Нотариаттық қызметті цифрландыруда қандай жаңашылдық енгізілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нотариат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжат Парламент депутаттары бастамашылығымен дайындалды.

«Елімізде қызметі жүйелі, қалыптасқан нотариаттық қызмет атқарылады.17 аймақтық, 1 республикалық нотариаттық палатада, 4267 нотариус қызмет атқарып келеді. Заманауи нотариат қызметін одан әрі нормативтік реттеу үшін жаңа қажеттіліктер туындап отыр. Мақсат - нотариат саласында азаматтардың заңды мүдделерін қорғаудың құқықтық жүйесін жетілдіру. Жобада «нотариаттық акт» ұғымын енгізу, нотариаттық құпияны регламентеу, басқару органдарының өкілеттіктерін нақтылау, жаңа нотариаттық іс әрекеттерді енгізу, электрондық нотариат қалыптастыру және тағы басқа маңызды нақтылаулар бар», - деді Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен.

Атап айтқанда, нотариаттық қызметті одан әрі цифрландыру ескерілген. Нотариаттық құжаттардың электрондық нысанда сақталуын, есепке алынуы мен пайдаланылуын қамтамасыз ететін электрондық жүйе (репозитарий) құру көзделіп отыр. Бұл жерде, заң жобасы қағаздағы құжат пен электрондық құжаттың тең мәнділігін куәландыруді қамтамасыз етуді де міндеттеп отыр. Нотариаттық құжатқа QR-код беріледі, осы негізде сақталады, түпнұсқалығы расталады. Бұл репозитарий 2022 жылғы 1 қаңтардан жүзеге аса бастауы тиіс.

Бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйеге мәліметтерді енгізу, қол жеткізу, пайдалану, қорғау тәртібін уәкілетті органдар нақты регламенттеп, айқындауы қажет. Бұл бағытта Әділет министрлігі, Цифрландыру министрлігі, Республикалық палата алдында осы қызметті сауатты үйлестіру міндеттері тұр.

«Нотариустардың қызметтеріне шағымдарды қарайтын – Тәртіптік комиссия құрылады, ол тәуелсіз орган болып саналады және Республикалық нотариаттық палатаның съезінде сайланып, есеп береді. 2020 жылы 33 нотариустың лицензиясы уақытша тоқтатылған.

Енгізіліп отырған өзгерістер, нотариустар мен заңгерлер кездесуі барысында туындаған ұсыныстардың нәтижесі», - деді сенатор.

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев аталған заң елімізде нотариат институтын одан әрі жетілдіруді көздейтінін атап өтті.

«Қазіргі таңда Қазақстанда бұл салада жұмыс істейтін төрт мыңнан астам нотариус бар. Осы заң халыққа нотариаттық қызмет көрсету кезінде цифрлық технологиялардың қолдану аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, нотариаттық қызметке қойылатын талаптарды күшейтуге құқықтық негіздер қалыптастырады», - деп атап өтті Сенат төрағасы.


Соңғы жаңалықтар