Нормативтік-құқықтық актілерді жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізетін институт қайта ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда нормативті-құқықтық актілердің жобаларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізу институты қайта ашылады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында нормативті-құқықтық актілердің жобаларын сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамадан өткізу институтын қалпына келтіруді тапсырған болатын. Бұрын бұл институт Қазақстанда болғанымен, кейін жойылып кеткен. Бәлкім ол тұста таңдалған амал-әдістер әлсіз болып, бұл тетік тиімділігін көрсете алмаса керек. Кезінде бұл институттан бас тартылғанымен, заманның өзі мұның заңнамалық базаны қалыптастырып, нормативті-құқықтық актілерді әзірлеу кезінің өзінде сыбайлас жемқорлықты туындататын нормалардың алынып тасталуына мұрындық болар қажетті институт, қажетті механизм екенін көрсетіп берді. Қазір бұған қатысты қажетті заңнамалық нормативті-құқықтық актілер қабылданды. Осы жылдың 2 қарашасынан бастап Қазақстанда бұл институт толыққанды жұмыс істей бастады», - деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша конкурстық процедураларадың қорытындысы бойынша үйлестіруші ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті айқындалған. Екі аптаның ішінде сараптамаға мыңға тарта нормативті-құқықтық акт келіп түскен. Құрамына 93 маман енген сарапшылар пулы құрылған. Мемлекеттік органдарға 70-ке тарта сараптаманың қорытындысы жолданған.

Олжас Бектенов хабарлағандай, сараптамаға түскен жобалардың көптігіне байланысты сарапшыларды жинау бойынша қосымша конкурс жарияланып отыр. Қорытынды беретін сарапшылар жоба соңына дейін жеткенше оны сүйемелдеп, оның талқылануына қатысып, өзінің көзқарасын дәлелдей білуі тиіс. Мемлекет басшысының тапсырмасымен сарапшылардың барлық қорытындысы ашық талқылау үшін жарияланған.


Соңғы жаңалықтар