Несіпқұл Бертісбаев:ТМД-да Қазақстан алғашқы болып Электр энергетикасы туралы заң қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика күні – жай ғана кәсіби мейрам емес, себебі еліміздің тағдыры энергетиктердің қолында десек болады. Өндіріс орындарының, қала және ауыл-аймақтың жарық, жылу мәселелеріне осы энергетиктер жауапты. Желтоқсанның үшінші жексенбісі – Энергетика күніне орай ҚазАқпарат тілшісі осы салада 40 жыл қызмет атқарған Несіпқұл Бертісбаевтан сұхбат алдық.

Несіпқұл Бертісбаев 1969 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының энергетика факультетіне оқуға түсіп, инженер-электрик мамандығы, «электр стансалары және қосалқы стансалар» біліктілігі бойынша бойынша тәмамдаған.

«Шынымды айтсам, бұл салада оқимын деген ой болған жоқ. Энергиясыз бірде бір сала жұмыс істей алмайды. Жарықсыз, жылусыз өмір жоқ. Лифтімен жоғары қабатқа көтерілсеңіз де, үйде теледидар қарасаңыз да, суға жуынсаңыз да, жарықты жақсаңыз да оның түбінде энергетиктердің еңбегі жатыр. Сол себепті болар, мектеп бітірген жылы оқу орындарын салыстырмалы түрде қарап, осы салада өзімді байқап көрейін дедім», -дейді Несіпқұл Бертісбаев.

Ол оқу бітіргеннен кейін Бүкілодақтық мемлекеттік жобалау, іздестіру және зерттеу институтының Орта Азия филиалында жұмыс істей бастаған. 1995 жылы ол Министрлер кабинеті аппаратының ауыр өнеркәсіп бөлімінде отын-энергетика секторының меңгерушісі болып жұмысқа тағайындалған. 1996 жылы ол ҚР Энергетика және тау-кен министрінің орынбасары қызметін атқарды.

«Біз оқу бітіріп, жұмыс істей бастаған кезде басқа елдерден мамандар келген жоқ. Бұл салада Қазақстан және Ресей оқу орнын бітірген мамандар ғана жұмыс істеді. Ол кездегі институттар өте білімді, сапалы мамандарды дайындап шығарды. Қазақстанда энергетика саласы 1960 жылдардан дами бастады. Оның дамуына үлес қосып, басы-қасында өз елімізден шыққан мықты мамандар болды. Солардың арқасында елімізде керемет, үлкен станциялар салынды. Солардың ішінде Жамбыл, Қарағанды, Ақсу, Екібастұз мемлекеттік аймақтық электр стансаларын атап өтуге болады. Сондай-ақ, электр қуатын жіберетін үлкен-үлкен жүйе салынып, барлық ауыл-аймақ, елді-мекендеріне жарық тартылды», - дейді ол.

Несіпқұл Бертісбаев елордаға көшкеннен кейін электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі басқармасын басқарып, содан кейін 2014 жылдан бастап жылға дейін ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары болған.

«Энергетика саласында жұмыс істеген өте қиын болды деп айта алмаймын, себебі бұл салада қолданылатын технологилар сол 1960 жылдардан бастап мықты болған. Электростанциялардың барлығы автоматтандырылған еді, ешкім де қолмен көмір салмайтын. Жалпы электр энергиясын шығару білімді, біліктілікті қажет етеді, өйткені ол күні-түні үздіксіз шығарылуы керек», - дейді зейнеткер.

Оның айтуынша, бұл салада өз саласына берілген, адал қызмет атқаратын адамдар ғана жұмыс істей алады.

«Бұл салада жұмыс істейтіндердің жауапкершілігі өте биік болады. Электр стансаларында жұмыс істейтін мамандар ауысыммен жұмыс істейді. 12 сағат жұмыс істеп, одан кейін 12 сағатқа келесі ауысымдағылар келеді. 12 сағатта барлық құрылғынының қалай жұмыс істеп жатқаны, талапқа сай екендігі бақыланып отырады. Оның бәрі жедел журналға тіркеліп отырады. Болашақта осы мамандықты таңдағысы келетіндерге айтарым: ең алдымен, өз мамандықтарын жақсы көріп, қадірлей білу керек. Екіншіден, бұл – ең қажет мамандық екенін түйсінуі керек», - дейді ол.

Несіпқұл Бертісбаев 1990 жылдардағы қиын-қыстау кездерді есіне алып отыратынын айтты.

«1990 жылдары электр энергиясы болмай қалатын апаттық жағдай көп болатын. Сол кезде жарықтың жиі өшіп қалуы сол саладағы мамандардың жауапкершіліксіздігінен емес еді. Бар мәселе – ақшаның жоқтығында еді. Халық та ақша төлей алмады, жұмыс орны да жалақыны уақытылы төлей алмады. Әйтеуір, Заң қабылдап, тығырықтан шықтық. 1995 жылы КСРО бойынша Қазақстан алғашқы болып Электроэнергетика туралы заң шығарды. Одан бері заңға талай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді», - дейді ол.

Ол 2016 жылы ол лайықты зейнеткерлікке шыққан. 2016 жылдың қараша айынан бастап Директорлар кеңесінің мүшесі, тәуелсіз директор лауазымына кіріскен.

«Қазіргі уақытта бұрын бірге оқыған курстастарыммен, әріптестеріммен кездесіп, қал-жағдайымызды сұрасып тұрамыз. Жас мамандар қажет кезде ақыл-кеңесімізді сұрайды. Барлық энергетикті алда келе жатқан мерекемен құттықтаймын. Жұмысы жемісті болсын, ең бастысы – апатсыз болсын! Халық бізді су тоқтап, жарық сөніп қалғанда ғана еске алмай, жалпы күнделікті өмірде қадірімізді біліп жүрсе деген тілегім бар», - дейді Несіпқұл Бертісбаев.


Соңғы жаңалықтар