Несіпбек Айтұлы: Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...». Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлының осы аталы сөзі орда бұзар отызға толмай тұрып, аға ақын Мұқағали Мақатаевтан бата алған сөз зергері Несіпбек Айтұлына арналғандай. «Бостандық жырының бозжорғасы» атанған, әр өлеңі әнге сұранған, толғаулары жыраулар сарынымен үндес, қара өлеңнің өрісін кеңітіп, тұлпарға қанат бітірген, эпикалық кең тынысты поэмалары арқылы алаш тарихының алып панорамасын сомдаған көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлының шығармашылығының асыл арқауы ұлт рухының болмыс-бітімімен қабат өріліп, өлеңді кие тұтқан қара орман халықтың бөлінбес ырысы сынды қастерлі құбылысқа айналды.

Бүткіл адамзаттың тұлғасына айналған әйгілі неміс ақыны, талантына әлем бас иген классик-жазушы, философ, ғалым және өз заманының ықпалды мемлекеттік қайраткері Йоганн Гётенің «Отанды отты жүрекпен сүю керек» атты философиясындағы жырларын оқығанда Несіпбек Айтұлының:

Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз,
Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?!
Кіндігіміз тар қапаста кесіліп,
Ит көйлекті қанды жаспен жуғанбыз.
Біздің Отан өліп, қайта тірілген,
Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген.
Опат болған ерлер рухы оянар,
Отан деген лебіз шықса тілімнен.
Отанменен аспандағы Күн егіз,
Екеуінің амандығын тілеңіз.
Жас азамат, бұл Отанның қадірін,
Бодандықта болған біздер білеміз!
Керек қылса жолында оның құрбанбыз,
Бәріне де белді бекем буғанбыз.
Кеудеңдегі жалғыз жүрек секілді,
Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!,- жыр жолдары еске оралады.

Гёте де ұлтты жаудан қорғаған неміс батырлары туралы көп өлең жазған. Ерлердің ерлігі жырлау – ұлтымыздың ұлылығын паш ету деген. Гетені зертеушілер мындай эпизодті еске алады. 1827 жылдың мамырында өткен арнайы жиында Гёте: «Адам баласының бойындағы ғаламат қуаныш пен ерекше бақыт шуағын – туған жерге сүйіспеншілік сезімінен көреміз дейді. Отанды сүю – оның суығына шыдап, ыстығына күю. Жер мен еліңді жаулаған басқыншының тозағына қарсы тұру, ерік – жігеріңді оятып дұшпаныңды қуып шығу, сол сәттегі азаттықтың пейіштегідей жәннәтіне бөлену. Шаттықтың шырқау шыңы - өз Отаныңның заңдары сені қорғайтынын көру. Адам үшін одан артық бақыт болмайды», - деп ойын түйеді. Жетпістің жотасына шыққан Несіпбек Айтұлы да тәуелсіздікті талмай толғайтын, ерлікті тынбай жырлайтын елдік пен ерліктің классик жыршысы. Тәуелсіздікпен бірге ақынның тынысы кеңейгенін, өрісі ұзарғанын кейінгі дастандарынан анық байқаймыз.

Гёте Германияны сырт жаудан азат еткен немістің ержүрек герцогтары мен графтарын қалай әспеттесе, Несіпбек те Алаштың арыстан арыстарын солай дәріптеп:

«Отанның амандығы – ұлы бақыт,

Отанның қайғысы да – ұлы қайғы!» –

деп қазақ үшін көздің қарашығындай қасиетті Отан, ел, жерді жырлайды. Әр шығармасы «аққудың көз жасындай көлге тамаған», мыңдаған оқырмандарының жүрегінен орын алған классик ақын, жетпіс деген жан – жағындағы жұрт баға беретін жасқа толған Несіпбек Айтұлы туралы айтылған сөздерге кезек берейік.

Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы

Несіпбек Айтұлы - қарымды қаламгер, арынды ақын ретінде қазақ поэзиясына, соның ішінде кең тынысты дастан-поэма жанрының дамуына сүбелі үлес қосты. Мемлекетшіл көзқарас пен ұлтжанды ұстанымы биік тұлға.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстан Республикасының Президенті

Несіпбек Айтұлы - поэзия əлемінде өзіндік орны бар, егемен еліміздің жарқын жетістіктерін жыр жолдарымен өрнектеген, талғамы биік оқырманның жоғары бағасын алған ақын, сара сөздің шебері. Қазіргідей сын сағатта халқымызды сабырлы, ынтымақты болуға шақырып, азаматтық үн қосып отырған ақын.

Ақтоты Райымқұлова

Мəдениет жəне спорт министрі

Несіпбек Айтұлы - əдебиетіміз бен мəдениетімізді байытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан адуынды ақын, қажырлы қайраткер. «Құланойнақ», «Арқатірек», «Дариға, дәурен», «Сарайымнан шыққан сөз», «Рухымның падишасы» жəне тағы басқа көркем сөзбен көмкерілген мағыналы кітаптарымен поэзияда тың құбылыс қалыптастырды. Əлем жазушыларының таңдаулы шығармаларын ана тілімізде сөйлетіп, талғампаз оқырманның ыстық ықыласына бөленді.

Алтай Көлгінов

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі

Несіпбек Айтұлына қазақ поэзиясының бәйтерегі, әрі елдік тұрғыдан кең ойлайтын зиялы азамат ретінде құрметіміз әрдайым жоғары. Бұл кісінің елордамыздың рухани еңсесінің тіктелуіне қосқан үлесі зор.

Несіпбек Айтұлы сияқты ел ағаларының атқарған қызметі – соңынан ерген шығармашыл жастар үшін үлгі-өнеге. Ақын ағамыз шәкірт тәрбиелеу ісін де оңды атқарып келеді.

АҒАЛАРЫ МЕН ӘРІПТЕСТЕРІНІҢ ПІКІРІ

Мұқағали МАҚАТАЕВ

Өз жастығы мен жас творчествосына лайық үн аңғардым. Тілі жатық, ойы анық. Өлеңдерінен жасандылық байқалмайды, жастыққа тән от бар. Ағынан жарылып, таусыла талаптану, ізденіс бар. Қайсыбір жастарда ұшыраса бермейтін мүлде бір бөлек сарын еседі.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ

Терең ой, ыстық сезім, жалғаны жоқ жақсы үмітке жетелейтін елгезек ақындық өз оқырманын бейжай қалдырмайды. Несіпбек жырлары – биік жылар, терең жырлар. Бұл жырлардың бойында күзгі шуақ, таңғы сәуле, ойға шомған орман, жеткізбейтін арман, азынаған жел, асқақтаған бел, теңселген көл, тебіренген заман бар. Арманын қуалаған азамат көңіл, тереңге үңілген қария көз, дария ақыл бар.

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

....Елдік рухты паш еткен жырлар ғана ұлттық намысты атой салып оятады. Ұрпақтарды бүгінгі тәуелсіздігімізді қадірлеп-қастерлеуге баулиды. Олай болса, Неcinбек шығармашылығы осы жәйттерден бүгін сақтануға, ұрпақ санасын төл арнасына түсіп, тәуелсіз еліміздің келешегін қалыптастыруға жол сілтейді.

Жүрсін ЕРМАН

...Yш ұйықтасаң да түсіңе кірмейтін небір асыл теңеулер, оқыс ойлар, ат басындай алтынға бергісіз оқшаy образдар, ең бастысы, осының бәpі ұлттық поэзияның жөргегіне бөленіп, бесігінде тербелуі Неcinбекті қаламдастарынан мүлдем оқшаулай түседі.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

Сенің поэзияң шабыттың шыңырауының түбіндегі жасынның тұнығына, өлмейтін және өшпейтін, сөзін өлтіруге мүмкіндік бермейтін ақындықтың әбілhаят суына суарылған мәңгілік сипатпен қасиеттеніпті.

***

Тағдыр және Әлішердің құдіретті де тұңғиық танымы Несіпбекке өзінің құпиясын ашып, сәтін салды. Мұның астарында таланттың талқысымен қоса азапты еңбек жатыр.

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

Нecinбек Айтұлы халық қазынасына қоса Шығыс пен Батыс әдебиетінің ақ қайнарынан сусындаған, тілі шұрайлы, ойы құнарлы, сезімі сергек, көркем образга бай, серпінді, еркін тынысты өлеңдері мен толғау-дастандары арқылы XX ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақтың өлең өнерін өрелі биікке көтеріскен ат төбеліндей дарындардың қатарынан өз орынын ойып алды.

Дархан ҚЫДЫРӘЛІ

Несіпбек Айтұлының поэмалары алапат дәуірдің тұтас эпикалық энциклопедиясын жасап шыққандай әсер қалдырады. Туға тағзым – тә­уелсіздікке тағзым. Бұл орайда ақын­ның:

«Жығылмас ешқашанда елі жарға,

Алдында ту ұстайтын Ері барда!

Көтеріп алып Байрақ қазақ отыр,

Тілегін аңсап күткен беріп Алла!» –

деген жыр жолдарын оқып отырып, ел тәуелсіздігінің баянды болуын тілейсің.

Берік Уәли

Несіпбек Айтұлы тәуелсіздік пен қазақтың ерлік тарихын, Шоқанша айтсақ, «рыцарлық дәуірді» ең көп жырлаған қаламгер. Тұтас баһадүрлік дәуірдің келбетін көркем сөзбен кестеленген толық картинасын жасаған ақын.

Мұхтар Ниязов

Несіпбек ағаның ертеректе шыққан «Рухымның падишасы» деген кітабы болды. Шағын көк кітап. Ішін түгел дерлік жаттап алған шығармын. Қазақы, ойлы, кестелі «тілге жеңіл, жүрекке жылы» жырлар әлі күнге дейін санамда сайрап тұр. Одан кейін де талай таңдамалы кітаптарын тамсанып оқып, тарихына қандық. Көне сарынды, кең тынысты қаншама эпикалық, лирикалық шығармалардың, қазірдің өзінде халық әніне айналып үлгерген бірнеше әндердің авторы.

Аққу-қаз әуелейді қалықтаған,
Қайтейін қанатым жоқ қалып барам.
Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге,
Жылатып жалғыз қалай алып қалам?
Дариға-дәурен!, - деп нәзік лирикалық жырларымен оқыр­­ман жүрегін жаулаған бұлбұл кө­мей ақын қоғамдағы буырқанған әлеуметтік кеселдерді бетің-жүзің демей өткір сынайды. Бұл оның азаматтық ашық көзқарасын білдірумен бірге, тегеурінді терең публицист қасиетін де танытады. Бұл сөзімізге құрыш қалам иесінің көкейкесті мақалалары мен сұхбаттары үлкен мерейтой қарсаңында «Сарайымнан шыққан сөз» деген атпен жеке том болып жариялануы дәлел болады.

Ақын өзі туралы:

Жылаймын, сәлден кейін қайта күлем,
Айтарын жүрегімнің айта білем.
Біреудің жүрген жоқпын жетегімен,
Біреудің үрген жоқпын айтағымен.

Аузыма Құдай салған сөзімді айттым,
Қақаған қысымды айттым, жазымды айттым.
Қаперге көп нәрсені алмадым да,
Қатерге өзім барып, өзім қайттым.

Ұл едім елім аман аттандырған,
Көп жортып, кер жотаға ат шалдырған.
Тірсегін тажалдың да қиып түсер,
Аңшыны талай көрдім қақпан құрған.

Үн-түнсіз бұғып жатқан қанды қақпан,
Сыртыңнан оқпен бірдей аңдып атқан.
Ежелден тізе қосқан осы екеуі,
Сұңқарды, тұлпарды да сан құлатқан.

Жылаймын ағайынның азғанына,
Жыртылып ескі тондай тозғанына.
Ор қазып ешкімді де құлатқам жоқ,
Өкінем абайсызда озғаныма.

Бастырса зердесінің көзін Алла,
Парықсыз пенде, шіркін, сөз ұғар ма.
Өлеңнің қазынасы кеудем менің,
Не барын өзім білем қазынамда..., - деп толғанады.

Эпик ақын. Есімдері елге белгілі барлық батырларымыз туралы поэмалар циклін жазды. Ұлтымыздың ерлігі мен өрлігіне жыр жолдармен алып монумент орнатты. Ақ арманым: «Ұлттың тәуел­сіздігі мәңгілік жасап, қазақ жұрты бізден кейін де басқа халықтың қатарында өмір сүрсе деймін!», - деген алып жүректі классик ақынымыз Несіпбек Айтұлы ағамызға халқыңызды жампоз жырларыңызбен жігерлендіре беріңіз дейміз.


Соңғы жаңалықтар