Негізгі азық-түлік түрлерінің 5 айлық қоры қамтамасыз етілді - Бақыт Сұлтанов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен толықтыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының инфляция деңгейін тежеу және мемлекеттік реттеу шараларын күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру үшін салалық мемлекеттік органдар бірқатар шараларды әзірледі. Ведомствоаралық іс-қимыл Үкімет деңгейінде үйлестірілетін болады», - деді Б. Сұлтанов.

Сонымен қатар ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөніндегі іс-шаралар туралы айтып берді.

Біріншіден, бұл азық-түлік тауарларының негізгі түрлерінің бағалық қолжетімділігін қамтамасыз ету шаралары ескерілген. Осы бағытта Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі нарықты отандық өндіріс тауарларымен толықтыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде.

«Қазіргі уақытта негізгі азық-түлік түрлерінің 5 айлық қоры қамтамасыз етілген деуге болады. Бұл нарықтағы тапшылықты болдырмауға кепілдік береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, өндіріс-тұтыну балансын айқындайды, сондай-ақ қажет болған жағдайда экспорттық шектеулерді енгізеді», - деп түсіндірді министр.

Екіншіден, сауда үстемелері мен сыйақыларға мемлекеттік бақылауды күшейту, сондай-ақ шекті бағаларды уақтылы енгізу арқылы бағаның өсуіне жол бермеуге бағытталған қадамдар қамтылған.

Үшіншіден, бағаның жоғары өсу тәуекелі туындаған жағдайда, монополияға қарсы органның құзыреті шегінде нақты тауар нарықтарында мемлекеттік бағалық реттеуді енгізу ескерілген.


Соңғы жаңалықтар