Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі адамзатты үшінші дүниежүзілік соғыс қатерінен арылтуға бағытталған

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі адамзатты үшінші дүниежүзілік соғыс қатерінен арылтуға бағытталған. Бұл пікірді бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Егемендігіміздің елең-алаңында, Тәуелсіздігіміздің таңсәрі шағында еліміздің болашағы туралы пессимистік болжамдар көп айтылды. Соның ішінде бұлар көп ұлтты, көп тілді, көп дінді ел, басы қосылмайды, ырың-жырыңы шығады дегендер де болды. Бірақ, олардың айтқаны келген жоқ. Қазақстан халқының, Елбасының айтқаны келді. Біз ең алдымен өз алдымызға үй болдық. Елордамыз, Қазақстан жаһандық жиындар өтетін орынға айналды», - деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар ол Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткенін, жақында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы  тұрақты емес мүшелігіне сайланғанын атап өтті.

«Сөйтіп, өзіміз де әлем тағдырына араласа алатын елге айналдық. Сондай үлкен құқық алдық. Мұның жарқын көрінісі - Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесі. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының  ресми құжаты ретінде қабылданып, бүкіл әлемнің назарын аударып отыр»,-  деді ол.

Абдрахманов бүгінгі конференцияда да осы мәселе кеңінен талқыланатындығын баса айтты.

«Өйткені, Орталық Азияны ядролық қарудан ада ету жөніндегі  еліміздің ұсынысы барлық тараптан қолдау тауып отыр. Елбасымыздың манифесіндегі ойларды жүзеге асыру әлемдегі қарусызданудың көшбасшысы ретінде танылған мемлекетіміздің осы істегі бастамаларын адамзатты үшінші дүниежүзілік соғыс қатерінен арылту  үшін дүниежүзі қолға алатын шаралар төңірегіне ұйыстыратын болады», - деді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, елордадағы Ұлттық кітапханада ҚР Тәуелсіздігің 25 жылдығына арналған «Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі: Орталық Азиядағы өңірлік бірегейлік пен қауіпсіздік» атты Орталық Азиялық халықаралық ғылыми-сарапшылық кеңестің отырысы өтуде. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, отандық және Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Үндістан, Пәкістан, Оңтүстік Корея елдерінің сарапшылары қатысуда.

Соңғы жаңалықтар