Назарбаев: Сот басты құқық қорғаушы институт бола бастады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сот басты құқық қорғаушы институт бола бастады.

Бұл туралы бүгін Республика судьяларының VII съезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қоғамда және мемлекетте соттардың абыройы мен ықпалы артып келеді деп айтуға болады. Егер бұдан бұрын соттар құқықтық қорғау жүйесінің бөлігі, жазалаушы саясаттың құралы болса, қазіргі уақытта сот -  ол басты құқық қорғаушы институт бола бастады деп айта аламыз. 25 жылда сот билігі аяғынан тұрды. Реформалар барысында ең үздік шетел тәжірибесі мен әлемдік стандарттарды игеріп, сапалы, жаңа келбетке ие бола бастады», - деді Назарбаев.

Мемлекет басшысы өткен кезеңде сот және құқық қорғау жүйесін жаңғырту мақсатында сот жұмысының негізі - жаңа құқықтық база қалыптасқанын, қажетті ұйымдастыру шаралары жүргізілгенін баса айтты.

«Сот төрелігіне қолжетімділік деген маңызды мәселе табысты шешілуде. Ол заманға сай технологиялардың арқасында шешімін тауып отыр. Бүгін бізде көптеген дамыған елдерге ұқсас  электронды сот өндірісі бар. Енді азаматтар үйлерінен шықпай-ақ сотқа жүгіне алады. Осы жылы соттарға электронды түрде 23 пайыз азаматтық іс түсті. Бірнеше жыл бұрын бұл мүмкін болмаған еді. Мемлекет судьяларды лайықты әлеуметтік-құқықтық қамтамасыз ету жағынан да барлық жағдайды жасап отыр. Олар айрықша мәртебеге ие, жоғары еңбекақы төленетін қызметшілер санына енеді. Менің тапсыруым бойынша отставкаға шыққан судьяларды материалдық қамтамасыз етудің барлық мәселелері шешілген», - деді Елбасы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, 2014 жылдан бастап соттарды қаржыландыру 3 млрд. теңгеге өсіп, ағымдағы жылы шамамен 30 млрд. теңгені құрады. Судьялар корпусына арналған тұрғын үй қоры 3 жылда шамамен 20 пайызға жаңарды. 

«Осылайша мемлекет тарабынан сот жүйесі үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда», - деді Қазақстан Президенті.

Соңғы жаңалықтар