Наурызда Астана Опера сахнасында Бетховен музыкасы шырқалады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Наурыз айында «Астана Опера» камералық залында тыңдарман назарына ұлы композитор Людвиг ван Бетховеннің 250 жылдығына арналған жарқын музыкалық жобалар ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

10 наурыз сағат 19.00-де «Қазақквартет шақырады» топтамасынан «Бетховенге тарту» музыкалық кеші өтеді. Концерттер сериясы аясында Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің әртістері неміс классигінің барлық 16 квартетін орындауға ниетті. Бағдарламаға Л. ван Бетховеннің №3 ішекті аспаптар квартеті, ре мажор, ор.18, №8 ішекті аспаптар квартеті, ми минор, ор.59, №2, сондай-ақ №14 ішекті аспаптар квартеті, до-диез минор, ор.131 енген. Музыканттар Айдар Тоқталиев (1-ші скрипка), Алексей Лебедев (2-ші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт) және ұжымның көркемдік жетекшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель) квартет фактурасын тамаша меңгергендіктерін паш етпек.

12 наурыз сағат 19:00-де «Музыка және оның шығарушылары туралы» топтамасындағы «Алыстағы сүйіктіме» концертінде әйгілі композитордың вокалдық әрі аспаптық музыкалары орындалатын болады. Камералық зал сахнасында «Астана Опера» солисі Мәдина Исламова (сопрано), театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин (тенор), Гүлнара Тілеуғабылова (альт), Данияр Есімханов (фортепиано) өнер көрсетеді. Фортепиано партиясында – Раушан Бескембирова. Л. ван Бетховеннің «Алыстағы сүйіктіме» вокалдық топтамасы, «25 шотланд халық әні» топтамасынан Тhe sweetest lad was Jamie, «Фиделио» операсынан Марселинаның ариясы, Альт пен фортепианоға арнап өңделген Романс, фа мажор, Фортепианоға арналған 32 вариация, до минор, Фортепианоға арналған 11 жаңа багатель сынды шығармалары шырқалады.

26 наурыз күні сағат 19:00-де «Астана Опера» оркестрінің солисі әрі концертмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов атақты композитордың мерейтойына арналған концерттер топтамасын ашады. Танымал скрипкашы неміс музыкасы кемеңгерінің скрипка мен фортепианоға арналған барлық 10 сонатасын орындайды. «Махаббат монологтары» музыкалық кешінде Бағдат Әбілхановпен бірге қазақстандық пианист, халықаралық байқаулардың лауреаты Салтанат Әбілханова өнер көрсетеді.


Соңғы жаңалықтар