Науқастарға ота жасап келе жатқаныма жарты ғасырға жуық уақыт болды – хирург

Фото: None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында туған хирург Сағи Қожабаевқа ел құрметі ерекше. Себебі ол 1976 жылдан бері қарай талай адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалған. Әлі күнге дейін ота жасап жүрген ақ халатты абзал жан соңынан ерген жас буынға ақылын айтып, жол сілтеп жүр. ҚазАқпарат тілшісі медицина қызметкерлері күніне орай тәжірибелі хирургпен сұхбат құрған болатын.

- Әңгімеңізді туып-өскен жеріңізден бастасақ...

- 1953 жылы Күршім ауданы Сарыөлең ауылында дүниеге келдім. Мектеп бітірген соң ойлана келе Семейдегі медицина университетіне оқуға түстім. Дәрігер болғысы келген ұлдардың көбісі осы хирургия саласын таңдайды ғой. Бұл таңдауыма еш өкініп көрген емеспін.

- Ұзақ жылдық еңбек өтіліңізде қанша ота жасадыңыз?

- 1976-1977 жылдары интернатураны Павлодар қаласында өткізген соң Күршім аудандық ауруханасында 21 жыл хирург болдым. Одан кейін 23 жыл Өскемендегі фтизиопульмонологиялық орталықта еңбек еттік. Жыл сайын орта есеппен 50 ота жасадым деп есептегенде 10 жылда бес жүз ота шығады. Сонда 44 жылдың ішінде 2 мыңнан астам ота жасаған екенбіз.



- Осы оталардың ішінде есіңізде қалғаны қайсы?

- Бүйрек төменге түсіп кеткенде жасалатын отаны Күршім ауданында ең алғаш рет жасау менің несібеме бұйырған екен. 2009 жылдан бері иммун тапшылығы вирусы бар (ВИЧ) науқастарға 500-ге жуық отаны өткеріппіз. Шынын айтқанда, хирургтардың көбісі мұндай пациенттерге ота жасауға жүрексінеді. Себебі бұл күрделі әрі қауіпті ота. Түрлі жарақат алып шұғыл түрде ауруханаға түскен науқастарға, кеуде, іш қуысына, өкпеге, бауырға ота жасап, қатерлі ісіктерді алдым.

Мәселен, аудандық ауруханалардың біріне қан қысымы төмендеп кеткен азамат түскен болатын. Сондағы хирургтер іш қуысына кішкене тілік жасап, сырқаттың көзін таппай қайта тігіп, бізге әкелді. Себебі науқас туберкулезбен ауырған еді. Белгілі болғандай, оның іш қуысынан қан кетіп, көкбауыры жарылып кетіпті. Лапаротомия мен спленэктомия жасап, көкбауырды алып тастадық. Осылайша күрделі жағдайдағы пациент аман қалған-тұғын.

Сосын тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. Бірде аккумулятор сұйықтығын абайсызда ішіп қойған адам жедел жәрдеммен ауруханаға түсті. Ол ұзақ уақыт дәрігерге жүгінбей, үйде жатыпты. Соның салдарынан іші ісіп, тоқтаусыз құса берді, құса берді. Рентген өкпе туберкулезін көрсеткен соң ота жасадық. Асқазанды алып тастап, анастомоз қойдық. Әйтеуір, науқасты аман алып қалып, өкпе туберкулезін емдеп шығардық.

Хирург жұмысының ауыр екендігі рас. Бірақ адамға пайдаң тиіп, дертіне шипа болып жатсаң шаршағаныңды ұмытып, шабыттана түсесің. Жазылуы мүмкін еместей көрінген сырқат жандар біраз уақыттан кейін алдыңда күліп отырғанда өмірге босқа келмегеніңді түсінгендей болады екенсің.



- Бүгінгі мен бұрынғы медицинаның айырмашылығы қандай?

- Уақыт өткен сайын медицина саласы өзгеріп келе жатыр. Жаңа технологиялар, заманауи жабдықтар енгізілуде. Оның ішінде хирургияға қатысты түрлі жабдықтар қолданысқа берілуде. Қазір адам ағзасындағы сіріңкенің шиіндей тасты бармақ басындай қылып көрсететін аппараттар бар. Бұл хирург жұмысын едәуір жеңілдетті.

Біздің заманда ондай жоқ еді. Сол үшін жастарға үнемі білімін жетілдіріп отыру қажет. Шығыс Қазақстанда жыл сайын ақ халаттыларды шетелдегі медициналық мекемелерге оқуға жіберіп жатқандарын көріп жүрміз. Бұл өте дұрыс. Еуропа елдерінің білімі мол, тәжірибесі көп. Өзімнің 1988 жылы Украинада 2 жарым ай біліктілік арттырып келгенім бар. Сол жерде үйренгерімізді жұмыста кәдеге жараттық қой.

- Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз...

- Өмірлік серігіммен 2 бала сүйдік. Бір ұл, бір қызымыздан 6 немереміз бар. Сол немерелердің ішіндегі үлкені биыл мектеп бітірді. Ол тіл маманы болғысы келеді. Жалпы отбасымда дәрігерлік жолда жүрген тек өзім ғанамын.

Ұлым әскери салада қызмет етеді, ал қызым – экономист. Олар есейген шақ, бұл шамамен 1997-1998 жылдары медицина құлдырап, жабдық жетіспей, дәрігерлерге жалақы дұрыс төленбей тұрған қиын кезең еді. Сол уақытта бәрі заңгерлік пен экономиканы таңдап жатқан-тұғын.



- Жас хирургтарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

- Еңбектену керек. Еңбектің ашпайтын құлыбы, алмайтын қамалы жоқ. Жаңа айтқанымдай, білімдерін арттырып отырған жөн. Интернет жоқ кезде басқа елдерден медициналық кітаптарды алдыртатынбыз. Оны бізге белгілі бір уақытқа ғана беретін. Кітапты күндіз-түні оқып, қажеттілерін қағазға түртіп алатын едік. Осылайша, оқығанымыз есте қалатын.

Ал бүгінде Google мен Youtube-ке не керегін жаза қалсаңыз бірден шыға келеді. Бұл әрине жақсы ғой. Бірақ бір жағынан есте қалмай, тез ұмытылады. Сол үшін қызметін енді бастап жатқандарға да, жұмыс істеп жүргеніне біршама уақыт болғандарға да айтарым – медициналық кітаптарды жиі оқып тұрыңыздар.

- Әңгімеңізге көп рахмет!



Соңғы жаңалықтар