НАТО сарапшылары «Қазбат» бітімгершілік батальонының әзірлігін бағалайды

None
None
АСТАНА. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы облысындағы «Іле» полигонында «Қазбриг» бітімгершілік бригадасының оқу орталығында «Дала қыраны - 2013» халықаралық бітімгершілік оқу-жаттығуының шешуші кезеңі болып өтті. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Жаттығуға Қазақстан жағынан «Қазбат» бітімгершілік батальоны толық құрамда, «Қазбриг» бітімгершілік бригадасының штабы және Қазақстан Қарулы Күштері Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысы басқармасының әскери қызметшілері, Құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің бөлімшелері қатысты.

Қазақстандық әскери қызметшілер АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Литва, Швейцария, Тәжікстан және Қырғызстан қарулы күштерінің бөлімшелерімен бірлесіп, бейбітшілікті қолдау бойынша жүргізілетін операцияларды орындаудағы тәжірибелерін пысықтады.

Оқу-жаттығу барысында «Қазбаттың» жеке құрамы штабтың жұмысын,
сондай-ақ қала орамдарында жаяу патруль жасау, патрульге жасалған шабуылды тойтару және күдікті адамдарды ұстау сияқты іс-қимылдарды көрсетті.

Жаттығудың шешуші кезеңінде әскери қызметшілер мобильді блок-посты жасақтау және оның жұмыс істеу тәртібін ұсынды. Қазақстандық бітімгершілер десант түсіру, әуе көлігімен жаралыларды эвакуациялау, сондай-ақ гуманитарлық жүктерге әуеден қолдау көрсету сияқты іс-қимылдарды жүргізді.

«Дала қыраны - 2013» оқу-жаттығуына қатысушылардың іс-қимылын Испания, Германия және Беларусь Республикасынан келген бақылаушылар бақылады. Олар қазақстандық бітімгершілердің дайындық деңгейіне жоғары баға берді.

Қазақстандық бітімгершілердің Солтүстік Атлантика одағы елдері қарулы күштері бөлімшелерімен бірлескен операциялар кезіндегі өзара іс-қимыл дайындығына бағаны НАТО сарапшылары беретін болады. «Қазбат» бітімгершілік батальоны «Жедел әлеует тұжырымдамасы» бағдарламасының бірінші деңгейі бойынша бағаланатын болады. Бағалаудың ресми нәтижесі сараптамадан соң хабарланады.

Соңғы жаңалықтар