НАТО Ауғанстанда әскерін қалдыруға қатысты нақты шешім қабылдаған жоқ

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – НАТО елдері қорғаныс министрлері сәрсенбі және бейсенбі күндері өткен телеконференциядағы кездесуін аяқтады (17-18 ақпаны), деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Альянстың қорғаныс министрлерінің «виртуалды» саммитіндегі күн тәртібіндегі қаралған мәселе – НАТО-ның Ауғанстан мен Ирактағы миссиясы, жетістікті бағалау және «НАТО-2030» бастамасы. Сондай-ақ министрлер НАТО серіктестері – Финляндия, Швеция және Еуропалық одақпен кездесіп, ортақ қауіпсіздік мәселелерін талқылады.

Баспасөз конференциясында сөз сөйлеген НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг қазіргі кезде Альянс Ауғанстанда қалу мәселесіне қатысты нақты шешім қабылдамағанын айтты. «Шекті мерзім, яғни 2021 жылдың 1 мамыры жақындап келе жатқандықтан, НАТО жақтастары бір-бірімен тығыз талқылауды және таяу апталарда әрекеттерін үйлестіруді жалғастырады», - деді Й.Столтенберг.

«Біз батыл ауған қауіпсіздік күштерін оқытып және қаржыландыра отырып, біздің «Нақты қолдау» миссиясынан ауытқымаймыз. НАТО бейбіт процесті қолдайды және осыған байланысты әскеріміздің санын едәуір азайттық.

Бейбіт процесс – зорлық пен азапты тоқтатуға апаратын мүмкіндік. Бейбіт өмірді қалыптастырады. Бұл ауған халқы үшін өте маңызды. Өңірлердің қауіпсіздігі, біздің қауіпсіздігіміз үшін де. Бірақ келіссөздер құбылмалы болғандықтан үрдіс баяу жүріп жатыр», деп атап өтті НАТО-ның бас хатшысы.

Оның айтуынша, Ауғанстанда бейбіт өмірді қалыпқа келтіру керек. Сонымен қатар, НАТО өкілі Талибан жақтастарына шынайы келіссөз жүргізуге, агрессия деңгейін төмендетуге шақырды.

«НАТО-ның мақсаты – Ауғанстанды елдерімізге шабуыл жасайтын террористердің мекеніне айналдырмау», - деді Й.Столтенберг.

Сонымен қатар, альянстың қорғаныс ведомстволары басшыларының саммитінде НАТО-ның Ирактағы миссиясын 500-ден 4 мыңға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды.

Автор Арнұр Рақымбеков

Соңғы жаңалықтар