Нақты сектордың көп салалары тұрақты өсімді көрсетті - Әсет Ерғалиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жылдық инфляция 7 пайызға дейін баяулады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалуда. Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты секторда өсу 7,9%-ға дейін жеделдеді, ал негізгі капиталға инвестициялар 34% деңгейде өсті. Жылдық инфляция 7 пайызға дейін баяулады», - деді министр Үкімет отырысында биылғы қаңтар-наурыздағы қорытындыларды баяндай келе.

Оның айтуынша, нақты сектордың көп салалары тұрақты өсуді көрсетті. Олар құрылыс, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау және ауыл шаруашылығы салалары. Сонымен қатар, ақпарат пен байланыс саласында 9,9%-ға өсу байқалды.

«Нәтижесінде, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны осы жылғы қаңтар-ақпандағы минус 2,9 пайыздан қаңтар-наурызда минус 1,6 пайызға дейін жақсарды. Өңдеу өнеркәсібі салаларында өсу қарқынының жеделдеуі байқалады. Серпінді өсу машина жасауда 21,8 пайызға, оның ішінде автомобиль құрастыруда 20,7 пайызға өсті», - деді Ә. Ерғалиев.

Оның сөзіне қарағанда, құрылыс материалдары өндірісі – 30,1 пайызға, химиялық өнімдер өндірісі – 14,2 пайызға, пластмасса өнімдері өндірісі – 22,3 пайызға, киім өндірісі – 25,8 пайызға, жиһаз өндірісі – 19,2 пайызға, фармацевтика 9,1 пайызға өсті.

Өңдеу өнеркәсібінде өсудің жоғарылау үрдісі сақталып отыр. Өсу 7,5 пайызды құрады.


Соңғы жаңалықтар