Нахчыван декларациясына - 10 жыл

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстан, Түркия, Әзербайжан және Қырғызстан президенттері қол қойған тарихи құжат – Нахчыван декларациясына тура 10 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX саммитінде Нахчыван декларациясына қол қойылды. Осылайша, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесін құру идеясы іске асты. Жиынға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия президенттері қатысты. Бұл түркі тілдес халықтардың тарихында ерекше маңызға ие кездесу болды. Онда Елбасының идеялары негізінде Түркі тілдес елдер ынтымақтастық кеңесі мен Түркі академиясын құру туралы құжат қабылданды. Айтулы күн жайлы 10 жыл бұрынғы естелік Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз қызметінің Инстаграм парақшасында жарияланды.

Осылайша, осыдан 10 жыл бұрын түркі әлемі интеграциясы жаңа бір белеске көтеріліп, құжаттың арқасында тарихта алғаш рет бауырлас төрт ел түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі атты халықаралық ұйым құрды. Нахчыван декларациясы бекіген 3 қазан – түркі әлемінде жыл сайын түркі халықтарының ынтымақтастығы күні ретінде аталып келеді.

Тараптар осы ұйым арқылы түркі тілдерінің, әдебиеті мен мәдениетінің диахрондық зерттеулерін сақтауға, дамытуға және танытуға бағытталған түркология саласындағы зерттеулерді үйлестіру және оларға жәрдемдесуді, түркологияны және түркология бойынша ғылыми зерттеулер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуді, жалпы түркі тарихы мен этнографиясын кешенді түрде оқытуды жүзеге асыруды көздеді. Сондай-ақ, мүше мемлекеттер барлық түркі тілдері үшін қолданылатын үйлестірілген алфавит әзірлеуді, оқу орындары пайдалану үшін ортақ оқулықтар/әдістемелік материалдар дайындау мақсатында зерттеулер жүргізуді мақсат тұтты.

Декларацияның 3-бабында көрсетілгендей, осы келісімнің мақсаттары мен міндеттерін орындау үшін Мемлекеттер басшыларының кеңесі, Сыртқы істер министрлерінің кеңесі, Аға лауазымды адамдар комитеті, Түркітілдес мемлекеттердің Ақсақалдар кеңесі, Хатшылық құру туралы шешім қабылданды. Нахчывандағы саммитте Нұрсұлтан Назарбаев түркі дүниесін зерттейтін халықаралық ғылыми орталық құру туралы ұсыныс жасаған боалтын. 2010 жылдың 25 мамыры күні Қазақстан Республикасының астанасындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Түркі академиясы ашылды. Бірегей ғылыми-зерттеу орталықтың тұсаукесеріне сол тұстағы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл сонымен қатар, Қазақстан, Түркия, АҚШ, Ресей (Татарстан, Башқұртстан, Чуваш, Якутия), Өзбекстан, Қырғызстан, Украина мемлекеттерінің көрнекті түрколог ғалымдары қатысқан еді.

Биылғы жыл – Түркі кеңесіне тағы бір мемлекеттің қосылуымен есте қалары хақ. Жақында ғана Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев Өзбекстан Республикасының Түркі кеңесіне мүшелігі туралы мәлімдеме жасаған болатын.

«Түркі Кеңесінің Бас Хатшысы ретінде 2019 жылдың 14 қыркүйекте Өзбекстан Республикасының 2009 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін (Түркі Кеңесі) құру туралы Нахчыван келісімін ратификациялағанын үлкен қуанышпен хабарлаймын», - деді ол.

Осылайша, Өзбекстан Республикасы Түркі кеңесінің толыққанды мүшесі атанды. Осы тарихи шешім Нахчыван декларациясына қол қойылуының 10 жылдығына және 2019 жылы 15 қазанда Бакуде өтетін Түркі Кеңесінің VІІ саммитіне тұспа-тұс келіп отыр. Алдағы саммитте түркітілдес елдердің басшылары Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев бастаған бауырлас өзбек елін ресми түрде құрметпен қарсы алады.

Осылайша, Түркі кеңесінің құрамындағы мемлекеттердің саны беске жетті. Олар: Әзербайжан, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Түркия және Өзбекстан. Сондай-ақ Мажарстан ұйымның бақылаушы елі мәртебесіне ие.

Кеңеске мүше елдер жан-жақты салалармен бірге, экономикалық ынтымақтастыққа баса назар аударады. Жыл сайын түркітілдес елдердің Іскерлік кеңесі және бизнес-форумы ұйымдастырылады. Бұл өз кезегінде мүше мемлекеттер кәсіпкерлерін біріктіріп, олардың өзара ынтымақтасуына жол ашады. Мүше мемлекеттер экономикасын ынталандыру, инвестициялық белсенділікті арттыру және жеке секторлар арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейту мақсатында бірлескен инвестициялық портал іске қосылған. Түркі кеңесі Транскаспий көлік бағытын құруға көп күш жұмсады. Бұл Батыс пен Шығыс арасындағы тиімді сауда жолы болып отыр.

Соңғы жаңалықтар