Нью-Йоркте ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі саммит қорытындылары талқыланды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -Нью-Йорктегі  БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілдігінде ислам әлемінің тарихында алғаш рет 2017 жылы қыркүйекте Астанада өткен ИЫҰ-ның Ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінің  қорытындыларына арналған Ислам ынтымақтастық ұйымына мүше елдері елшілерінің кездесуі өтті. 

Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі Қайрат Омаров ұйымға мүше елдер Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың осы саммитті өткізу туралы бастамасын қолдай отырып, исламмен ниеттестігін және ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін жұмыс жасауға дайындығын көрсеткенін атап өтті. Саммит басқа халықаралық іс-шараның - «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрменің өткізу мерзіміне орайластырылғанын еске салды. Онда мұсылман елдерінің өкілдері энергетика саласындағы ең жаңа ғылыми-техникалық жетістіктермен танысуға мүмкіндік алды.

Қ.Омаровтың айтуынша, Қазақстан әлемдік экономикадағы ислам әлемінің бәсекеге қабілеттілігін біздің табыстарымыз және болашағы зор жетістіктеріміз анықтайтынына сенімді. Болашақ даму жолдарын ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерді прогреске қол жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырған Қазақстан Президенті Н. Назарбаев нақты анықтады.

Мұсылман елдерін исламның асыл құндылықтарын насихаттау және бүкіл әлемде инновациялық идеяларды енгізу үшін жауапкершілікті өзіне алатын интеллектуалды элитаның жаңа ұрпағын тәрбиелеуге қайта шақырды. Сонымен қатар, саммиттің сөзсіз табысы атап өтілді. Оның қорытындылары бойынша, Астана декларациясы мен ИЫҰ-ның ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы күнтәртібі - 2026 қабылданды.

Қорытындылай келе, Қ. Омаров ғылым мен технологиялар дамудың қазіргі заманғы проблемаларын, соның ішінде кедейшілікпен күрес, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, азық-түлікпен, сумен қамтамасыз ету және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешуде шешуші рөл атқаратындығын еске салды.

Сөз алған ИЫҰ-ға қатысушы елдердің тұрақты өкілдері осы тақырыптың барлық мұсылман қауымы үшін өзекті екенін атап өтті. Ауғанстан Елшісі Махмуд Сайкал Қазақстанның Тұрақты өкілдігін мақсаты жалпы даму үшін оң негізде ақыл-ойды біріктіру болып табылатын осы маңызды және уақтылы диалогты ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді. Өзбекстан Елшісі Бахтиор Ибрагимов Қазақстанның ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитті шақыруда көрсеткен көшбасшылығын атай отырып, қатысушыларға 2020 жылы екінші саммитті өткізетін Ташкент осы эстафетаны Астанадан алғаны туралы хабарлады.

Гайананың елшісі Рудольф Тен-Поу 2026 жылғы күн тәртібінің негізгі басымдықтарын ұлттық және халықаралық деңгейдегі барлық мұсылмандардың өршіл іс-қимыл жоспары ретінде еске салды. Оның пікірінше, бірінші саммиттің шешімдерін іс жүзінде жүзеге асыру ислам әлеміндегі ғылым мен технологияларды дамыту үшін өте маңызды. Сонымен қатар, елдердің әртүрлі салалардағы артықшылықтарының синергиясы шынайы прогреске қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Мысырдың өкілі ИЫҰ-ның іс-қимыл бағдарламасы мен БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі даму күн тәртібін олардың прогресс пен ниеттестілікке бағытталғанын атай отырып, салыстырды.

Иран елшісі Голамали Хошру ислам елдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өз кезегінде, ғылыми салада олардың тұрақты дамуына жәрдемдесу ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы белсенді және тығыз ынтымақтастықты одан ары күшейтуді талап ететінін атады.

Сенегалдың тұрақты өкілі Фоде Сек бүгінде өзектілігін жоғалтпаған исламдық ғылыми зерттеулердің дәстүрлі көздерін қайтаруға шақырды. Оның ұсынысы бойынша, «халал» қағидаты негізіндегі «азық-түлік қауіпсіздігіне» назар аудару қажет, өйткені өнім таза және табиғи, денсаулық үшін пайдалы болуы керек.

БҰҰ жанындағы ИЫҰ-ның тұрақты байқаушысы Агшин Мехдиев Астанада қабылданған ИЫҰ 2026 жылғы күн тәртібінде көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздіктің маңызы өте зор екенін тап өтті.

  Іс-шараға қатысқан Ирактың, Қатардың, Ливанның, Палестинаның, Қырғызстанның, Тунистің елшілері, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің, Уганданың, Джибутидің, Иорданияның, Түркияның, Түрікменстанның және ИЫҰ-ның өзге елдерінің өкілдері Қазақстанның саммитті шақыру туралы бастамасын жоғары бағалап, ғылыми және технологиялық даму тақырыбы жаһандық ақпараттық прогрестің қазіргі жағдайында  өте маңызды екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар