Нью-Делиді түтін басып қалды, қаладағы көлік қозғалысы тоқтауы мүмкін

Фото: None
НЬЮ-ДЕЛИ. ҚазАқпарат – Үндістанның Нью-Дели қаласының билігі елдің астаналық аймағында ауа сапасының қауіпті ластануынан көлік пайдалануға тыйым салып, бірқатар өнеркәсіп жұмысын тоқтату мүмкіндігін қарастырып отыр. Бүл туралы ҚазАқпарат ANI агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Біз Жоғарғы сотқа егер локдаун тек астаналық аймақта (Нью-Делиден басқа, Нойда, Фаридабад, Газиабад, Гуруграм қалалары) енгізілсе, оған дайын екенімізді айттық. Ауаның ластануына қарсы күресте бірлескен әрекеттер қажет. Біз оларды штат биліктерімен, орталық билікпен бірлесіп қабылдауға дайынбыз», - деген Дели үкіметінің Қоршаған ортаны қорғау министрі Гопал Райдың сөздерін келтірді ANI.

Агенттіктің атап өтуінше, Дели билігі өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын тоқтату, жеке көлікті пайдалануға тыйым салу сияқты шараларды қарастырып жатыр. Нью-Делиде кеңсе орталықтарын жабу және қызметкерлерін қашықтан жұмыс атқаруға жіберу сияқты шаралар да енгізілуі әбден мүмкін. Ал бұған дейін қалада мектептердегі сабақ тоқтатылып, құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салынған еді.

Үндістан астанасында жыл сайын күз мезгіліндегі ауа сапасының нашарлауы қала маңындағы ақ сабақтар мен сабанды жаппай өртеумен байланысты. Бұдан басқа, сарапшылардың бағалауынша, қаланы қою түтіннің басуына автомобильдің толассыз қозғалысы да әсер еткен.


Соңғы жаңалықтар