Мырзатай Жолдасбековтің үш ерлігі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ғалым-түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбековтің 80 жылдық мерейтойына орай өткен салтанатты жиында А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек Мырзатай Жолдасбековтың басты үш ерлігін атап көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ғалымның айтуынша, Мырзатай Жолдасбековтің бірінші ерлігі - 60-жылдардың аяғында көне түркі ескерткіштері бойынша диссертация қорғауы.

«Октябрь революциясынан кейін ғана адам болдық деп жүрген ресми тарихымызды Мырзекең бірнеше мың жылға апарып тіреді. Әрине, соңынан үлкен дау туындады, академия президенттері сөгіс алды, Мырзатайдың өзі жұмыстан қуылды», - деп еске алды ол.

Жолдасбековтың екінші ерлігі - Қазақстанда Шығыстану институтының іргетасын қалауы.

«Өзбекстанда бар, Тәжікстанда бар, Әзербайжанда бар, Грузияда бар Шығыстану институтын Қазақстанда ашуға тыйым салынған еді. Кезінде 1922-жылдары Санжар Ахмедияров Мәскеудегі Шығыстану институтының директоры болған, бірақ Қазақстанда бұл институтты ашуға рұқсат етпеді. Қаныш Сәтбаев пен Әуезовтер бұл мәселені көп көтерген. Егемендік алған тұста Мырзатай премьер-министрдің орынбасары еді, мәселені бірден қолға алып, жаңа институттың іргетасы қаланды. Тағы бір маңызды мәселе, КСРО-да бүкіл мемлекеттермен қарым-қатынас жасадық, тек Түркиямен араласуға тыйым салынды. Мүлде байланыс жасауға болмады. КСРО тарамай тұрғанда, коммунистік идеологияның қылышынан қан сорғалап тұрған 1991 жылдың басында Қазақ Совет Социалистік Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен елімізге Тұрғыт Озал келді. Тұрғыт Озалдың келуі егемендігіміз жолындағы үлкен күрестің үлкен жеңісі болды. Бұл жерде жанын шүберекке түйіп, көзсіз ерлік жасаған Мырзатай Жолдасбеков еді», - деп атап өтті ғалым.

Айта кетейік , руна жазба ескерткіштерін, Батыс Түрік қағанатын, қазақ әдебиетінің бастауы мен дамуын (жамбылтану) зерттеп, 30-дан астам ғылыми еңбек жазған Мырзатай Жолдасбековтің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінде халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтіп жатыр. Онда М.Жолдасбековтің қоғам  қайраткері, дипломат, ғалым ретіндегі тұлғасы, көшпелілер мұрасы мен тарихи ескерткіштері, түркітанудың келешегі мен даму мәселелері талқыланады.

 

Соңғы жаңалықтар