Музей түні: Ақтөбелік шебер қамшы тоқуды үйретіп, жыршылар дастандардың шығу тарихын айтты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Музей түні — 2021» шарасы биыл онлайн өтті. Шебер Ерқосай Әбілов қамшы тоқуды үйретсе, жырау Демеу Жолымбетов бірнеше дастанның үзіндісін орындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе «сары» аймақта болғанымен көпшілік жиналатын шараны өткізуге рұқсат жоқ. «Музей түні» де карантин шектеуіне байланысты онлайн өтті. Алдымен дәстүрлі «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы өтті.

Тікелей эфир кезінде қала тұрғындары Оралбай Елубайұлы, Бағдагүл Төлеутаева құнды жәдігерді және №55 орта мектеп-гимназиясы директорының орынбасары Берік Сатмағанбетов батыр Сапура Мәтенқызына арналып жасалған пилон-стелланың көшірмесін музей қорына тапсырды.

Сондай-ақ, шара аясында «Музейдегі қор ісі мәселелері мен шешімдері» аудандық музейлерге арналған ғылыми-әдістемелік онлайн-семинары, «Ақтөбе өңірінің жыршы, жыраулары» тақырыбында онлайн-кездесу өтті. Ал қолөнер шебері Ерқосай Әбілов қамшы тоқу жолын көрсетті.

«Жүген, өмілдірікке 12 өрімді ат әбзелін дайындауға болады. Қайыстан тоқу әдісі қиын болғанымен зейінді адам оны тез игеріп кетеді. Ер тоқым дайындап, музейлерге берген едім. Қазір құнды жәдігерлер қатарында тұр. Музейдегі шараға сүйек сапты қамшыны ала келдім. Ұлым үйленгенде домбыра екеуін сыйға тартқан едім. Қойдың асық жілігінен жасалған. Өзім сүйектен көп зат жасадым. Бірнеше халықаралық көрмеге қойдым. Музей түні бәрін көрсетіп, халыққа таныстыруға мүмкіндік жасалды. Өнерге деген сүйіспеншілігіміз сарқылмасын»,- деді Ерқосай Әбілов.
«Сіз білесіз бе?» табиғат әлеміне саяхат онлайн викторинасы өтіп, «Қазағымның әндері-ай» атты караокемен әндер шырқалды. Сонымен бірге «Алтын адам», «Руханият», «Өлке табиғаты» залдары бойынша онлайн экскурсия жүргізілді.


«Руханият» залында облыстық Нұр- Ғасыр мешітінің тарихынан сыр шертетін фотокөрме бар. Мешіт құрылысы 2006 жылы 22-сәуір күні басталды. 2008 жылы қолданысқа беріліп, оған Елбасы қатысты. Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай облыстық «Руханият» музейі ашылды. Сонымен бірге музейде шебер Ерқосай Әбілов пен Болат Атыраубаевтың қолынан шыққан, тарихи негізі сақталып жасалған бұйымдар сақтаулы»,- деп таныстырды музей қызметкері.



Соңғы жаңалықтар