Мұxаметжан Тынышбайұлының туғанына 140 жыл толды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ХХ ғасырдың басында ұлт мүддесі жолында арпалысып өткен ерек тұлға - Мұxаметжан Тынышбайұлының туғанына 140 жыл толып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақтар орыстың қол астына кірген кезде «ешқашанда орыс халқының әулеті ішінде аналық қамқорлыққа және Ресей тарапынан жылы лебізге титтей де құқы жоқ өгей бала секілді боламыз» деп ойлаған жоқ!» Міне, бұл өткен ғасырдың басында басып-жаншылған ұлтын теңдікке сүйреген Мұxаметжан Тынышбайұлының сөзі еді.

Мұхаметжан Тынышбайұлы 1879 жылы 12 мамырда Жетісу облысы Лепсі уезіне қарасты Мақаншы-Садыр болысында баурайында өмір есігін ашқан. 11 жасында Алматыдағы (сол кездегі Верный) ерлер гимназиясына оқуға түседі. Гимназиядағы 10 жылдық оқуды аяқтаған соң, Санкт-Петербургтағы жол қатынасы инженерлері корпусы институтына түседі. Дәл осы тұста Ресейде үлкен саяси өзгерістер болып жатқан еді. Ресейдегі ішкі қайшылықтарды, қазақ бастан өткеріп жатқан әділетсіздіктерді сезінді. Туған елі мен тілінің қамын ойлады.

«Жат сөздер тілімізге екі жақтан кіріп жатыр. Бірі - араб, парсы сөздері. Молдаға оқығандар. Екіншісі - орысшаға оқығандардың еуропалық сөздері», - деді Мұхаметжан Тынышбайұлы.

Ол студент кезінде-ақ басқыншы билiктi тіліп өтер мақалалар легін жазып жүрді. Үкiметке қарсы жұмылып, үгiт жұмыстарына белсене атсалысты. Патшаға қарсы партиялардың мүшесі болып, мұсылмандардың қозғалыстарының қатарынан табылды.

«Үкімет тарапынан қазақтар: қуғын-сүргінді, өз дінін пайдалану еркіндігіне жасалып отырған қысымды, саяси құқықтарының аяқ асты етілуін көріп қана отырған жоқ. Олар сонымен бірге экономикалық салада да үлкен зұлымдықтарды бастан кешіп отыр», - деді ол.

1916 жылғы қазақ даласында көтеріліс бұрқ ете түсті. Алаш зиялыларымен бірге бұл бас көтерудің халыққа тек қайғы әкелетінін Мұхамеджан Тынышбайұлы жақсы түсінген еді. Арада көп өтпей патшалық билік құлап, орнына құрылған Уақытша Үкiметтiң Түркiстан Комитетiнің құрамына мүше болды. Оның қоғамдық-саяси қызметiнiң келесi кезеңi - Алашорда үкiметiмен тығыз байланысты. Қазан төңкерісінен кейін Алаш зиялылары ұлттық автономия құруға барынша тырысты. Мұхаметжан Тынышбайұлы мүше болған ұлт автономиясының көсемдері, ең алдымен халықтың амандығын, бүтiндiгiн сақтауға барын салды.

Мұхаметжан Тынышбайұлы күрес жолын жалғастыра жүріп, 1926 жылы Тұрар Рысқұловтың ұсынуымен Түрксіб темір жол жобасы мен құрылысына қатысты. Бір жолы қолына А.П.Чулошниковтың қазақ халқы тарихына қатысты еңбегі түседі. Осы кітаптағы ұлттың намысына тиетін пікірлерге қарсы сын жазып, академик В.В.Бартольдке жібереді. Ғалым бұған қатты риза болып, қазақ халқының тарихын зерттеп, жазуға кеңес береді. Ең болмаса болашақ зерттеушілер үшін тарихи деректер мен материалдарды жазып қалдыруға ақыл қосады. Осы жолда Мұхаметжан Тынышбайұлының 1926-1927 жылдары «Материалы по истории киргиз-казахского народа», «Киргиз-казахи в XVII-XVIII веках», «Ақтабан шұбырынды» еңбектері жарық көрген еді.

Мұхаметжан Тынышбайұлы 1930 жылы большевиктердің тарапынан қуғындалды. Сталиндік зобалаңда ол сол жылдың 3 тамызында тұтқындалып, бес жылға сотталып Воронежге бес жылға жер аударылады. 1933-1937 жылдары ол айдауда жүріп Мәскеу-Донбас темір жол құрылысында жұмыс істейді. Онда ауырып, оралғанымен 1937 жылы қараша айында қайта тұтқындалып, арада көп өтпей1937 жылы Ташкент түрмесінде «Халық жауы» деген желеумен атылып кетті.

Соңғы жаңалықтар