Мүшел ұғымы Күн мен Айдан бөлек, Юпитер мен Сатурнның да циклін қамтиды - мәдениеттанушы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ғылымда «жануарлар күнтізбесі» деген атпен танымал көшпенділердің күнтізбесін Тәңіршілдік күнтізбесі деп атаған жөн». Бұл – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының профессоры, белгілі мәдениеттанушы Әсия Мұхамбетованың пайымы. «Қазқапарат» ХАА Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ғалымның қазақтың ежелгі күнтізбесі туралы ғылыми толғанысын назарларыңызға ұсынып отыр.

Орталық Азия көшпенділерінің дәстүрлі мәдениетінде ежелден бері қазақша мүшел деп аталатын 60 жылдық циклді күнтізбе қолданылған. Ол жыл сайын жануарлардың атымен аталатын бес 12 жылдық циклден (мүшелдерден) тұрады: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін/маймыл, тауық, ит, доңыз. 1926 жылы Қазақстанда дәстүрлі жаңа жылдық Наурыз мерекесін тойлауға тыйым салынды. Онымен бірге мүшелдік цикл бойынша жыл санау да сап тыйылды. Қазір мүшелдің сырын егде жастағы қазақтар ғана нақты таратып айта алады.

Бұқаралық ақпарат құралдарына сенсек, жастар жағы мүшелдік циклді көбінесе шығыс, қытай немесе жапон күнтізбесі деп топшылайды және соған қарамастан, қазір бұқаралық мәдениеттегі феноменге айналып отыр. Негізінде 12 жылдық жануарлар күнтізбесі барлық көшпелі түркі-моңғол халықтарына, Кавказ халықтарының бір бөлігіне, сондай-ақ Сібірдің тунгус-манчжур халықтарына жақсы белгілі болған. Славян халықтарының ішінде болгарлардың осы күнтізбені қолданғанын меңзейтін «іздер» бар.

Кеңестік зерттеушілердің бәрі бір ауыздан жануарлар күнтізбесін Орталық Азия көшпенділері жасады деген пікірді ұстанды (Шахматов в. ф., Захаров и. в., Сенигова Т. Н., Цыбульский В. В., Ысқақов және т. б. еңбектері).

В. Шахматов 1955 жылы: «Мұндай хронология алғаш рет Орталық Азия көшпенділерінде б. з. д. бірінші мыңжылдықтың соңында, яғни көшпелі мал шаруашылығы мұндағы халықтың тұрмысында түгелдей үстемдік құрған кезеңде пайда болды. Жануарлар күнтізбесі аталмыш халықтар қалыптастырған экономикамен терең тамырлас», - деп жазды. В. В. Цыбульский болса, «Бұл күнтізбенің пайда болуы Орталық Азияның көшпелі халықтарымен байланысты, оның әсері бүкіл Азия халықтарының тұрмысында көрініс тапты» деп көрсетті.

Көшпенділер бұл күрделі күнтізбені Орталық Азияның қатал әрі құбылмалы климатына икемделіп өмір сүру үшін пайдаланды. Экологиялық танымға бағынатын көшпенділер жануарлар күнтізбесін ғарыштағы құбылыстардың жердегі өмірге әсерін терең зерттеудің арқасында ұтымды пайдалана білді. Орталық Азияның көшпелі халықтарының, мәдениеті мен өркениетінің өмір өзегін Дәстүр немесе Шынайы білім [Р.Генон] деп таныған жанның бәрі осы күнтізбені білді.

Заманауи ғылым мүшел ұғымын әр түрлі атап жүр. «Орталық Азия көшпенділерінің күнтізбесі» (шығу тегі бойынша), «12 жылдық циклді Жануарлар күнтізбесі» (жылдардың аттары бойынша), Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ай-күн күнтізбесі (осы күнге дейін қолданыста болған аумақ бойынша), Юпитер күнтізбесі (12 жылдық циклді есептейтін ғаламшар бойынша). Соның бәрінен Тәңіршілдік күнтізбесі деген атау дәлірек келер еді. Өйткені Орталық Азия көшпенділерінің басын біріктірген жалғыз дін – Тәңіршілдік. Тәңіршілдік Түркі қағанаты мен Шыңғыс хан империясында мемлекеттік дін болды. XIII ғ.Ұлыс батуға барған Иоанн де Плано Карпини былай деп жазды: «Олар бір Құдайға (Тәңірі – А. М.) сенеді және барлық көрінетін, көрінбейтін нәрсенің, екі дүниедегі азап пен бақыттың жаратушысы Тәңір деп біледі. Бірақ оған дұға бағыштап, мадақ арнап, жалбарынған салт-жоралар жасап әспеттемейді» («Плано Карпини мен Гильом Рубруктың Шығыс елдеріне сапарынан»).

Ұлы діндер әлем туралы көзқарасымен де, уақыт пен кеңістік туралы түсініктері арқылы да түрлі мәдениеттер мен өркениеттерге негіз болып отыр. Сол сияқты Тәңіршілдік те көшпелі түркі-моңғол халықтарының, басқаша айтқанда, тәңіршіл суперэтностың (Л.Гумилевтің христиан және мұсылман суперэтносына ұқсас) өркениетінің негізі.

Тәңірлік күнтізбе әлемдегі ең күрделі күнтізбе болып саналады. Күн мен Айдың қозғалысынан бөлек Юпитердің Күн айналасындағы 12 жылдық цикл, Сатурнның 30 жылдық циклі ескерілген. Яғни 60 жылдық циклде екі Сатурн циклі, бес Юпитер циклі алты «жылдық» цикл бар. «Жабайы номадтар» планеталардың қозғалысын осынша деңгейде бағамдап, бірегей төл күнтізбесін жасауға мүмкіндік беретін астрономиялық білімге қалай ие болған? Әдетте теңіз халықтары ең мықты ежелгі астрономдар болып саналады. Ашық теңізде жұлдыздарды бағдар етіп жүзу үшін олар түнгі аспанды зерттеуге мәжбүр еді. Көшпенділерге аспан астында көшіп-қону үшін де содан кем түспейтін білім қажет болды. Олар жасаған жорықтар мен сапарларды уақыт пен кеңістікке салып өлшесек, сол дәуірдегі теңіз сапарларын он орайтынын көреміз. Еуразия жазирасының селеулі мұхитында ойқастаған көшпенділер жыл мезгілдерімен бірге ландшафтар мен климаттың үздіксіз тізбегін бастан өткерді. Тау мен тастың түсі, ауаның исі мен судың дәмі де құбылып отырды. Көш дүниеге бала әкелді, сәбидің тілін шығарды, бозбаланы есейтті, қарияны жер қойнына аттандырды... Осындай шыр айналған дүниеде айнымайтын жалғыз белгі жол нұсқаушы жұлдыздар еді. Әлемде өзгермейтін жалғыз құдірет Мәңгілік Көк Аспан – Мәңгі Көк Тәңір болды көшпенділер үшін.

Қорытсақ, ғарышты терең білудің және тәңірлік күнтізбені құрудың алғышарттары мыналар болды: 1) адамдардың үлкен шоғыры үнемі қең ауқымда көшіп жүрді, 2) мал шаруашылығында өнім алғанға дейінгі кезеңнің ұзақтығы; 3) Орталық Азияның тұрақсыз климатын ескере отырып, ұзақ мерзімге ауа-райын болжау қажеттілігі. Қазақ ішінде жұлдыздарды бақылап, уақыт межелейтін және ауа райын болжайтын жұздызшылар болған. Ең қызығы, сол білімін ел игілігіне жұмсағанын пұлдап, ақы алмаған.

Қазіргі көптеген әлем халықтарының күнтізбелері кіріктірілген, еншіленген, күшпен құрастырылған деуге болады. Олардың шығу тегінің өзі төл мәдениеттерімен қабыспай жатады. Осыдан 5 мың жыл бұрын пайда болған Мүшел ұғымы қазақ арасында ХХ ғасырға дейін сақталып жетті. Оның мұсылмандық уақыт есептеу жүйесімен қатар ұзақ уақыт қолданылуы исламның сопылық түрімен қабысқан, бірақ өзінің ежелгі өзегін өзгертпеген тәңіршілдіктің мызғымастығын көрсетті.


Соңғы жаңалықтар