Мұнай тасымалы мен экспорты автоматтандырылған жүйе арқылы бақыланады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика министрлігі мұнай-газ саласындағы кәсіпорындардың бәріне мұнай мен газ конденсатын есепке алу құрылғысын орнатпақшы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вице-министр Жанат Жахметованың айтуынша, аталмыш шара саладағы ашықтықты қамтамасыз етіп, есепке аул кезінде адам факторын болдырмауға мүмкіндік береді.

«Мұнай мен газ конденсатын есепке алудың ақпараттық жүйесін енгізу жобасы әзірге бірінші кезеңде. Пилоттық кезеңде оның қалай жұмыс істейтінін көргіміз келеді. Біз ақпараттар жинақталатын база құрып жатырмыз. Ақпараттарды операторлар емес, есепке алу құрылғысы жинақтайтын болады. Құрылғылары мұнай-газ саласының нысандарында орнатылады да, сол жерден сәт сайын автоматты түрде ақпаратты ортақ базаға жіберіп отырады. Яғни, операторларға тоқсан сайын, жыл сайын түнгі сағат 4.00-те тұрып деректер жіберу қажет болмайды», -деді министрдің орынбасары.

Сондай-ақ, ол пилоттық кезең біткен соң аталмыш жүйе өнеркәсіп орындарына енгізілетінін ескертті.

«Негізгі міндет – мұнай-газ саласындағы нысандардың бәрін ақпараттық жүйеге кіріктіру. Бұл жерде қиындықтар туындайтынын көріп отырмыз. Бірақ біз оның бәрін пысықтаймыз. Осылайша біз мұнай мен газдың өндірілген көлемі, тасымалдану мөлшері, мұнай экспортының мөлшері туралы шынайы ақпаратты автоматты түрде, дер кезінде алып отырамыз, - деді Жанат Жахметова.

Вице-министр заңнама бойынша аталған құрылғыны кәсіпорындар өз қаражаты есебінен жүргізілетінін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар