Мұнай мен газ қорының 75 пайызы Атырау облысында шоғырланған

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандағы мұнай мен газ қорының 75 пайызы Атырау облысында шоғырланған. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Геология комитетінің төрағасы Талғат Сатиев орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының пайдалы қазбаларының мемлекеттік балансында 8711 кен орны, оның ішінде көмірсутектер бойынша – 317, қатты пайдалы қазбалар бойынша – 910, кең таралған пайдалы қазбалар бойынша – 3160 және 4324 жерасты суларының кен орындары есепке алынған», - деді комитет басшысы.

Сондай-ақ, ол елдегі мұнай қорының көлеміне де тоқталды.

«Мұнайдың баланстық қоры (А+В+С1+С2 санаттары бойынша) 4,4 млрд тоннаны құрайды. Газдың 2,1 трлн текше метр, конденсаттың 416,2 млн тонна қоры бар. Оның басым бөлігі Атырау облысында шоғырланған – шамамен 75%. Қалған 11%-ы Маңғыстау облысына тиесілі. Көмірсутек шикізаты қорының 68%-ы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ сияқты 3 ірі кен орнының үлесіне тиесілі», - деді Талғат Сатиев.

Бұған дейін жазғанымыздай, Қазақстанда геологиялық мәлімет жинақталған ақпараттық жүйе құрылады.


Соңғы жаңалықтар