Мұнай-газ саласының өкілдері еңбек қауіпсіздігін талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада мұнай-газ саласының кәсіпорындары еңбек және өндіріс қауіпсіздігін талқылаған форум өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«HSE пайда көзі ретінде» деген тақырыппен өткен форумды екінші жыл қатарынан «ҚазТрансОйл» компаниясы ұйымдастырып отыр. Форумға қатысушылар еңбек қауіпсіздігі мен өндірістің қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайту мәселелерін талқылауда. Шараға «ҚазМұнайгаз» компаниясының барлық еншілес кәсіпорындары, КРО, ТСО, Аджип Каспиан Си Б.В., Аджип Қарашығанақ Б.В., «Arm Wind» ЖШС, «Семізбай-U» ЖШС өкілдері де шақырылған. Форумды бастаған «ҚазТрансОйл» АҚ-ның атқарушы директоры Димаш Досанов технология дамыған дәуірде қауіпсіздікті сақтаудың жаңа талаптары пайда болғанын атады.

«Өндірісте қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әуелі қолданылатын материалдар мен қондығылардың сапалысын таңдап алу қажет. Бұл – жобалау кезінде ескерілетін мәселе. Екіншіден, барлық деңгейдегі қызметкерлердің қауіпсіздік туралы теориялық білімін жетілдіріп отыру қажет. Үшіншіден, қондырғыларды уақтылы тексеру мен сынақтан өткізіп отыру маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, біздің салада атқарылатын шаруа әлі көп. Біз өндірістік ғимараттарымызды ұдайы жетілдіріп отыруға тырысамыз. Өзімізде болған оқыс оқиғалардан да, әлемде болып жатқан ауыр апаттардан да сабақ алуға тырысамыз. Мердігер ұйымдардағы жұмысшылардың санамағанның өзінде «ҚазТрансОйл» компаниясында 7 000-нан астам жұмысшы бар. Соның бәрінің бас амандығы біздің мойнымызда», - деген Димаш Досанов қауіпсіз өндіріс деген түсінікті жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтты.

«Екі жылдан бері біз жаңа деңгейге ұмтылып жатырмыз. Айыппұлдар мен қайғылы оқиғалардан қорыққандықтан ғана емес, өзіміз еңбек етіп жүрген компанияның абырой-беделі үшін де тырысу қажет. Барлық нормаларды сақтау – басты талап болуы керек. Сол талаптардың сақталмауынан айыппұлдар мен өтемдер ретінде қаншама шығын шығарып жатқанымызды бюджетті есептеуші мамандар жақсы біледі. Мазут сіңген топырақ үшін, қоқысты дұрыс төкпегені үшін айппыұл төлейтін кездер жиі кездеседі. Бұның бәрі компания үшін қаржылай шығын болса, табиғат үшін экологиялық залал», - деді компания басшысы.

Форумға келген кәсіпорын басшыларының назарына еңбек және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған цифрлы бақылау жүйелері арнайы көрмеде ұсынылды. Арасында 100 пайыз отандық өнім ұсынушылар да бар.

«Біз бұл форумға екі бірдей қондырғылық кешен алып келдік. Бірінде фотобейне арқылы тіркеу және алкогольдік тестілеу жүргізіледі. Екіншісі жұмысқа келген қызметкердің дене температурасы мен қан қысымын, қан құрамындағы алкоголь мен есірткі заттың мөлшерін анықтайды. Әзірге екі жүйе Қазақстан бойынша 2 кәсіпорында сынақтан өтіп жатыр. Мысалы, Қостанай облысының Рудный кенішінде біздің кешен арқылы тестілеуден өткен 30 адамның екеуінен алкоголь, бірінен марихуана анықталды. Яғни, бұл мәселе отандық өндіріс үшін өзекті деген сөз», - дейді өндірушінің ресми өкілі Әмір Жеңісов.

Форум аясында мұнай-газ саласының өкілдері өндірістік жарақатты азайту мәселесін талқылап, HSE цифрландыру жүйесі мен 5S үнемді өндіріс жүйесінің енгізу тәжірибесін талқыға салды.

Кешке дейін жалғасатын шарада өндірістік тәуекелдерді бақылау, қалпына келетін зиянды энергия көздерін қайта өңдеу, қауіпсіздік мәдениетін көтеру мәселелері қаралмақ.

Соңғы жаңалықтар