Мұнай-газ компаниясында қауіпсіздік талабы 1 366 мәрте бұзылған

Фото: None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Каспий теңізіндегі «Қашаған» кен орнын игеріп жатқан НКОК компаниясында өнеркәсіптік қауіпсіздік талабы 1 366 мәрте бұзылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті Атырау облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» филиалының қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізген.

Тексеру кезінде 682 объекті («Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы, «Батыс Ескене» теміржол кешені, «Самал» вахта кенті, химиялық зертхана, құбыр желісі, газ жабдықтары және басқалары) қамтылған.

Кәсіпорында өнеркәсіп қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарын бұзудың 1 366 дерегі анықталды. Мемлекеттік инспекторлар анықталған бұзушылықтарды жою жқөнінде нұсқама берді.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 298-бабының 1-бөлігімен, 306-бабының 4-бөлігімен әкімшілік айыппұл салынды.

«Компания нысандарында мынадай өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары анықталды.

- фланецті қосылыстардан бу; құбырлардағы күкірт; сорғылар мен шығын өлшегіштердегі май ағуды уақтылы жою;

- қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды техникалық куәландыруды уақтылы жүргізбеу;

- теңіз құбырларын техникалық куәландыру кестесіне сәйкес кәсіпшілік және кәсіпшілік аралық мұнай-газ құбырларының теңіз учаскесінің дефектоскопиясын (құбырішілік диагностика) уақтылы жүргізбеу;

- объектілердегі қауіпсіз жұмысқа жауапты қызметкерлердің даярлықтан және қайта даярлаудан уақтылы өтпеуі және басқалар.

Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін бұзушылықтар бойынша Атырау облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа қауіпті өндірістік объектілерді және қауіпті техникалық құрылғыларды (қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарды, ұңғымалар мен аралдар арасындағы кәсіпшілік құбырларды) тоқтата тұру туралы талап арызды жіберу түрінде жедел ден қою шаралары қабылданған.

Тексеру қорытындысымен компания өкілдерімен кеңес өткізілген. Онда тексеру кезінде анықталған бұзушылықтарды жою мерзімі талқыланды.

«НКОК Н.В.» филиалы 1 маусым мен 15 шілде аралығында жүргізіліп жатқан кешенді күрделі жөндеу жоспарына сәйкес жерүсті және теңіз кешендерінің қауіпті өндірістік объектілерінде жұмысты тоқтата тұру туралы шешім қабылдады.

Күрделі жөндеу өндірістік қондырғыларды пайдаланудан шығару және кейіннен қысымды түсіру, дренаждау, үрлеу және тазалау мақсатында жүргізіледі.

«Жөндеу кезінде тексеруде анықталған заңбұзушылықтарды жою жоспарланған. Қауіпті техникалық құрылғыларды техникалық куәландыру бойынша іс-шараға департамент басшысы орынбасарының жетекшілігіммен 8 инспекторлық құрам жұмылдырылады», -деп мәлім етті өнеркәсіп қауіпсіздігі комитетінің баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қашаған кен орнындағы өндірістік нысандар жұмысы 45 күнге тоқтағанын жазған едік.


Соңғы жаңалықтар