Мұнай алпауыттары отандық кәсіпорындарды қандай тапсырыстарман қамтып отыр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Энергетика министрлігі «ҚазАқпарат» агенттігіне Қазақстан аумағында мұнай өндіру және барлау құқығына ие болған компаниялардың тапсырыстарды қалай бөлетіні туралы мәлімет ұсынды.

Редакцияның сауалына берген жауапқа сүйенсек, 2020 жылы мұнай саласында орындалған сатып алулардың 79%-ы «Теңізшевройл», «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг», North Caspian Operating Company, «Тотал», «Сайғақ», «Жайықмұнай» компанияларына тиесілі болған. Ақшаға шақсақ, бұл 4,28 трлн теңгеден асады. Отандық жеткізушілер мен мұнайға қызмет көрсетуші компаниялар соның 1,65 трлн теңгесін игеруге мүмкіндік алған. Яғни, аталмыш мұнай алпауыттары барлық сатып алудың 38,5%-ын жергілікті компанияларға ұсынған.

«Сатып алынған тауарлардың көбі сырттан әкелінген. Барлығы 589,58 млрд теңгеге тауар сатып алынса, соның 60,59 млрд теңгесіне немесе 10,3%-ы қазақстандық өндірушілерден алынған», - деп жазылған министрліктің мәліметінде.

Аталған 6 кәсіпорынның тапсырысы бойынша орындалған жұмыстар мен қызметтердің ақшаға шаққандағы көлемі 3,7 трлн десек, соның 1,59 трлн теңгесін немесе 43%-ын жергілікті компаниялар игерген.

«ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы қатысатын жобалардағы жағдай бұларға қарағанда жақсырақ. 2020 жылы 106,75 млрд теңгеге сатып алынса, ондағы отандық өндірушілердің үлесі 52,27% болған. Бұл ақшаға шаққанда 55,8 млрд теңге деген сөз.

«597,88 млрд теңгеге жұмыстар мен қызметтер сатып алынған. Мұндағы жергілікті мазмұнның үлесі – 82,53% немесе 493,41 млрд теңге», - деп жазады ведомствоның баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар