Мүмкіндігі шектеулі жандар мүгедектікті растайтын құжатты онлайн ала алатын болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мүгедектігі бар адамдар оны растайтын құжаттарды енді онлайн ала алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«28 желтоқсаннан бастап «Электрондық үкімет» порталында (eGov) ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Мүгедектікті және/немесе еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу және/немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын айқындау» мемлекеттік қызмет көрсету кезінде берілетін құжаттардың электрондық нысандарын алу қолжетімді» делінген хабарламада.

Бұл қызметті «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ бірлесіп, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 4 наурыздағы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде жүргізілетін әлеуметтік еңбек саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру жөніндегі жұмыс барысында іске асырды.

Осылайша, eGov порталында келесі құжаттардың электрондық нысандарын алуға болады:

  • -мүгедектік туралы анықтама;
  • -жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтама;
  • -кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі туралы анықтама;
  • -кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі туралы анықтамадан және -медициналық-әлеуметтік сараптама актісінен үзінді көшірме;
  • -зардап шеккен қызметкердің көмек пен күтімнің қосымша түрлеріне мұқтаждығы туралы -қорытынды;
  • -оңалтудың жеке бағдарламасының әлеуметтік бөлігінен үзінді көшірме;
  • -оңалтудың жеке бағдарламасының кәсіптік бөлігінен үзінді көшірме;
  • -медициналық-әлеуметтік сараптаманың сараптамалық қорытындысы туралы хабарлама;
  • -толық оңалту туралы хабарлама.

Мүгедектігі бар балалардың ата-аналарына және мүгедектігі бар адамдардың қамқоршыларына балаға немесе қорғаншыға жоғарыда аталған электрондық құжаттарды алуға болады.


Соңғы жаңалықтар