Мүлік иелері бірлестігін құрудың қандай артықшылықтары бар

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа формаларына көшудің артықшылықтарын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мүлік иелерінің бірлестіктерін құрудың артықшылықтарын атап өтсек: МИБ бір көппәтерлі үй тұрғындарының өзінен тұрады; МИБ төрағасы пәтер, тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері арасынан ғана сайланады; МИБ ағымдағы шот және күрделі жөндеуге арналған жинақ шоттарын ашады; шоттардағы ақша қозғалысына мониторингті МИБ төрағасы және үй кеңесі жүзеге асырады; қызмет көрсету сапасын бақылауды МИБ төрағасы қадағалайды; сервистік субъектілердің қызметтері ай сайын орындалған жұмыстар актісі негізінде қабылданады және ақы төленеді», - деді Е. Дауылбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, МИБ төрағасы ай сайын тұрғындарға атқарылған жұмыстар туралы есеп береді. Жинақ шотта күрделі жөндеуге қажетті қаражаттың 50% жиналған жағдайда екінші деңгейлі банктерден күрделі жөндеу жүргізуге төмен пайызбен қарыз алу мүмкіндігі бар.

«Кондоминиум нысаны тіркелмеген жағдайда, жергілікті бюджет қаражаты есебінен жұмыс істеп тұрған көппәтерлі тұрғын үйлерге мемлекеттік техникалық тексеру жүргізу және көппәтерлі тұрғын үйдің астында орналасқан жер учаскесіне заңнамада көзделген құжаттарды дайындау үшін жергілікті атқарушы органдарға жүгінуге құқығы бар», - дейді спикер.

Қазіргі уақытта «Тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ тиесілі ЖКХ.КЗ (zhkh.kz) сайтында басқарудың жаңа нысанына көшу бойынша барлық ақпараттық материалдар орналастырылған.

Басқарудың жаңа формаларын құру бойынша азаматтардан келіп түсетін өтініштердің үлкен көлемін ескере отырып, Телеграм-бот платформасы іске қосылған. Сонымен бірге, сұрақтарды Suraqtar.kz платформасына да жолдауға болады.

Айта кетейік, 2020 жылдың басынан бастап «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы күшіне енді. Биылғы 22 ақпандағы жағдай бойынша көппәтерлі тұрғын үйді басқару бойынша 1 735 ұйым құрылған.

Басқарудың ескі формалары 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін өз қызметін жалғастырады. Осы мерзім аяқталған соң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жою рәсімін жүргізуі тиіс.

Бұған дейін Еркебұлан Дауылбаев басқарудың жаңа формаларына көшу алгоритмін түсіндірген еді.



Соңғы жаңалықтар