Мұхтар Тілеуберді қырғыз әріптесімен шекарадан өту тәртібін талқылады

None
None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің алаңында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қырғызстан мен Үндістан Республикаларының Сыртқы істер министрлерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Чингиз Айдарбековпен қазақстан-қырғыз көпжоспарлы ынтымақтастығының өзекті мәселелері, сондай-ақ аса жоғары және жоғары деңгейдегі екіжақты сапарлардың қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды.

Мемлекеттер арасындағы көлік қатынасын қалпына келтіру және екі республика азаматтарының шекарадан өту тәртібі егжей-тегжейлі қарастырылды. Қырғыз тарапы Қазақстанға коронавируспен күресте және қырғыз азаматтарын отанына қайтару бойынша бірлескен жұмыста көрсеткен қолдауы үшін ерекше ризашылығын білдірді», - деді ҚР СІМ-нен.

Мәлім етілгендей, екі елдің СІМ басшылары халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін де қарастырды.

«Ал Субраманьян Джайшанкар Қазақстан мен Үндістан арасындағы саяси ынтымақтастық пен жоғары деңгейдегі сапарлармен алмасудың жоғары серпінін атап өтті.

Тараптар елдер арасындағы 2020 жылғы қаңтар-мамыр айларындағы тауар айналымы 1,57 млрд АҚШ долларын құрап, 2019 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есе өскенін ризашылықпен атап өтті.

С.Джайшанкар энергетика, инвестиция, фармацевтика және логистика саласындағы Қазақстан-Үндістан ынтымақтастығын одан әрі кеңейтудің маңыздылығына назар аударды», - делінген ведомство ақпаратында.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында өзара тығыз іс-қимылды жалғастыруға, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Нью-Дели арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған бірқатар іс-шараларды бірлесіп жүргізуге келісті.

Үндістан мен Қырғызстан Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңеске алдағы төрағалығын құптады.


Соңғы жаңалықтар