Мүгедек жандар арасында IT саласының үздіктері анықталды

None
None
БУРАБАЙ. ҚазАқпарат - Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ерекше күтімді қажет ететін жандар арасында IT саласының үздіктері анықталып, марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің қор мүгедек жандарға қамқор болып, IT саласын меңгерем деген азаматтарға арнайы курс ұйымдастырады. Бұл жобаға еліміздің кез келген өңірінен 18 бен 37 жастағы мүгедектігі бар азаматтар қатысуға болады. Бұған дейін 2 топты осы салаға бейімдеп, үйретсек, бүгін міне 3-і топ оқуды аяқтап отыр. Осы күнде дейін еліміз бойынша 102 мүгедектігі бар жан IT саласы бойынша өз білімдерін жетілдірді», - деді «ITeachMe» қоғамдық қорының директоры Захира Бегәлиева.

Қор басшысының мәлімдеуінше, еліміздегі мүгедек жандардың 50 пайызы компьютермен жұмыс істеуді білмейді.

«Біздің басты мақсат - мүгедек жандарды қоғамға тарту, көпшілік ортаға бейімдеу. Себебі, олардың арасында жұмыс істемек түгелі, көпшілік жерде өз-өзін қалай ұстау керектігін білмейтіндер де бар. Сондықтан да жоба аясында біз оларды IT-мен қатар, қоғамға тез сіңісу жағын да үйретеміз. Жобаға қатысушылар алдымен іріктеу кезеңінен өтеді. Ол үшін қатысушы өтінім береді, содан соң не үшін IT саласын меңгергісі келетіндігі туралы эссе жазады және тестілеуден өтеді. Соның ішінен алдыңғы қатардан көрінген үміткерлерді оқуға қабылдаймыз. Оқу аяқталған соң қатысушыларға IT-ға қатысты түрлі деңгейдегі тапсырмалар беріледі. Соның негізінде үздіктер анықталады. Осы 3-ші кезеңде барлығы 23 адам қабылданып оқыды, соның 13-і ақтық сынға шықты. Солардың арасынан 3 жұмыс авторы үздік деп танылып, жеңімпаз атанды», - дейді ол.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба жеңімпаздарын еңбекпен қамту жағы да қарастырылуда.


«Бұл жоба туралы мүгедектер қоғамы арқылы естіп, қатысуға бел будым. Өтінім беріп, тестілеуден сәтті өттім. IT саласы ішінара бірнеше бағытқа бөлінеді, бізге таңдау берілді. Мен сайт жасау және әрлеу бағытын таңдап, 2 ай онлайн оқып шықтым. Оқу барысында түрлі тапсырмалар арқылы алған білімімізді пысықтап отырдық. Негізі бұл сала маған бөтен емес. Кезінде колледжге компьютер бағдарламашысы мамандығына түскем, өкінішке қарай 1 курста жол апатына ұшырап оқуымды аяқтай алмай қалдым. Араға бірнеше жыл салып маған білімімді қайта жалғастыру мүмкіндігі туды», - дейді «ITeachMe» жобасының жеңімпазы, алматылық Әнуарбек Майшыбаев.





Соңғы жаңалықтар