Мұғалім жалақысын есептеудің индикаторы өзгеруі керек - Айгүл Мұқашева

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан білім және ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева ертең Тамыз кеңесіне Мемлекет басшысының қатысуы педагог мәртебесін көтеруге жасалған елеулі қадам екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Педагог мәртебесін реттейтін заң жобасы ұстаздар қауымы көптен бері қордаланып қалған мәселелерді шешеді деген үмітпен отыр. Заң жобасы қазір Үкіметке түсті. Үкіметтен кейін Парламент талқысына түседі. Ертең республикалық тамыз кеңесі болады. Ол кеңестен үлкен жаңалық күтеміз. Өйткені, тарихымызда бірінші рет Тамыз кеңесіне ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқалы отыр», - дейді кәсіподақ өкілі.

Айгүл Мұқашева ұстаз табысының елдегі орташа еңбекақы мөлшерінен төмен болуы әділетсіз деп санайды.

«Ұстаз мәртебесі дегенде ең бірінші ойға еңбекақы түседі. Қазір ұстаздардың алатын жалақасы республикалық орташа еңбекақы мөлшерінен 40 пайыз төмен. Оқу бітіріп, жаңадан жұмысқа кірген мұғалімдердің жалақысы небәрі 50 мың теңгеден көп болмайды. Кәсіподақ тарапынан көптен бері айтылып жүрген мәселенің бірі – жалақыны есептеу жүйесіне қатысты. Базалық лауазымдық жалақы деген ұғым бар. Қазір оның көлемі – 17 697 теңге. Жалпы жалақы осы базалық лауазымдық жалақыдан бастап есептеледі. Біз сол базалық ақының мөлшерін минималды айлық еңбекақы көлемімен теңестіруді ұсынып отырмыз. Қазір оның көлемі – 42 500 теңге. Осы индикаторды ауыстырса, мұғалімнің жалақысы да нақты өсер еді. Ол ұсынысты әлеуметтік серіктестігіміз болып саналатын ҚР Білім және ғылым министрлігі де қолдап отыр, депутаттар да көтеріп жүр», - деген маман мұғалімдер тарапынан кәсіподақ ұйымына жыл сайын мыңдаған шағым түсетінін айтады.

«Білім және ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіподағы ең ірі қоғамдық ұйым болып есептеледі. Қатарымызда 700 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі бар. Солардың жүгінімдері бойынша былтыр мұғалімдерге тиесілі 300 млн теңгеге жуық қаражат қайтарылды. Яғни, мұғалімдердің еңбекақысын заңсыз ұстап қалған немесе төленбей қалған. Биылғы алты айдың өзінде 120 млн теңге ұстаздарға қайтарылды. Маңғыстау облысында еңбек демалысы мен сауықтыру өтемақысы есебінен төленетін 6,5 млрд теңге уақытында аударылмағаны анықталған болатын. Қазіргі таңда бұл сома түгел төленді. Бірінші жартжылдықта біздің кәсіподаққа педагогтар тарапынан 1,5 мың жазбаша өтініш түсті. Оның көбі еңбекақыны заңсыз ұстап қалу немесе төлемей қоюға, жұмыстан шығаруға байланысты арыздар. Былтыр жұмыстан заңсыз шығарылған 44 мұғалім қайтадан жұмысқа кірді. Оның алтауы сот арқылы құқығын қорғап шықты. 113 ұстаз жұмыстан заңсыз шығарылғалы тұрған жерінен қызметінде қалдырылды. Осыдан-ақ ұстаздардың мәртебесі қандай деңгейде екенін көруге болады. Ертеңгі тамыз кеңесі осындай мәселелердің түйінін тарқатуға сеп болады деген ойдамыз», - дейді Айгүл Мұқашева.

Соңғы жаңалықтар