Мойынқұмда 34 мың гектар алқапты шарпыған өртті 4 күннен бері сөндіре алмай жатыр

None
None
МОЙЫНҚҰМ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Қарабөгет ауылынан 50 шақырым қашықтықта Мойынқұм орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің аумағында құмды жерде құрғақ шөп пен сексеуіл жанып жатыр. Өрт сөндірушілер осымен төртінші күн тілсіз жаумен арпалысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.

Өртті сөндіруге ТЖД, «Мойынқұм, Байзақ, Меркі, Қосқұдық, Қордай және Жуалы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелері» КММ, Мойынқұм ауданының ерікті өрт сөндіру құрылымынан 233 адам және 50 техника, «Қазавиаорманкүзеті» РМК МИ-2 тікұшағы жұмылдырылды.

21 шілде түндегі жағдай бойынша өрттің аумағы 34 мың гектарға жетті. Елді мекендерге қауіп жоқ. Барлық күш-құралдар қарауылдау жұмысын жүргізуде. Өрт орнында екпіні секундына 10 метрге жететін жел соғып тұр, ауа температурасы - +36 градус.

Еске сала кетейік, біз бұған дейін Мойымқұмдағы өрт тікұшақпен сөндіріліп жатқанын хабарлаған болатынбыз.

Айта кетейік, өткен тәулікте 33 табиғи өрт оқиғасы тіркелді. Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Түркістан облыстарындағы 13 табиғи өрт ТЖК бақылауында, онда өрттерді жою бойынша шаралар қабылдануда.

Бұдан басқа, өткен тәулікте Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы табиғи өрттер жойылды. Аталған өңірлерде от шарпыған аумақтың жалпы ауданы 403 гектарды құрады.


Соңғы жаңалықтар