Моңғолиядан көшіп келген қандасымыз төрт түлікті төлдетіп, миллионер атанып отыр

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында Моңғолиядан көшіп келген Миллионер Қажыкенұлы төрт түлікті төлдетіп, миллионер атанып отыр. Ол алғашында кәсібін екі бие, үш інгенмен бастаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазір түйе саны 30-ға жуықтады. Жылқысы 60-тан асты. Бие мен түйе сауып, халыққа қымыз-шұбатын ұсынып отыр.

Кәсіпкер күніне 50 литрге дейін қымыз ашытады. Қымыздың әр литрін 700 теңгеге бағаласақ, кәсіпкердің бизнесінің тасы өрге домалап отырғанын түсінуге болады.

«Атажұртқа келген - бір бақыт, елге келіп, еңбек етіп, еңсе түзеп, ұрпақ өрбіткен - бір бақыт. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын халге жеттік. Қазір еңбек еткен кісіге бәрі бар. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды. Осы Тәуелсіздігіміздің арқасында елімізге келіп, бейбіт заманда бақытты ғұмыр кешіп жатырмыз»,- дейді Талдықорғанға қарасты Мойнақ ауылының тұрғыны Миллионер Қажыкенұлы.


Отағасының ерекше есіміне келер болсақ, Моңғолияда анасын босандырған ұлты орыс акушер Миллионер қойыпты.

Миллионер Қажыкенұлы мен Майра Саясиқызы үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген.

Ұлдарының алды мал шаруашылығында болса, келіндері ене жолын қуып, малдан алынған өнімді өндіріп, құрт-май жасап, шаруаны ұқсатып отыр.


Отбасылық кәсіпте кішкентай немерелерге де жұмыс бар. Бірі қозы-лаққа қараса, ересектері әжесіне май шайқап, құрт жасап қолғабыс етеді.

Бұл әулет былтыр індет қаһарына мінген тұста табиғи «ақтамақ» өнімімен науқастардың тез оңалып кетуіне бір кісідей үлес қосты.

«Денсаулығына байланысты қаны азайған адамдар, өкпесі ауырғандар, бөрткен шыққан адамдар, ішкі құрылысы ауыратын әйелдер бізге жиі келеді. Саумал ішеді. Түйенің өркешін көп сұрайды. Себебі, ол - әйелдердің қатерлі ісік ауруына ем», - дейді Майра Саясиқызы.

Жалпы Жетісу жеріне қоныс аударған қандастардың дені мал шаруашылығымен айналысады. Ата кәсіптен бөлек қолөнер шеберлері, орта және шағын бизнесте ел дамуына өз үлесін қосып келеді.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылында Алматы облысына 20-дан астам елден 214 мыңдай қандасымыз көшіп келген. Бұл - шамамен 69 мың отбасы.

Ұлы көштің басында тұрған бауырларымыз бүгінде екінші буын ұрпақ өрбітіп, мемлекетіміздің өркендеуіне бір кісідей үлес қосып келеді.








Соңғы жаңалықтар