Моңғолияда президент сайлауы басталды

None
None
ҰЛАНБАТЫР. МОНЦАМЭ-ҚазАқпарат – 9 маусым күні Моңғолияда ел президентін сайлау басталды. Бұл туралы ҚазАқпарат Моңғолияның МОНЦАМЭ ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 7:00-де ашылып, 22:00-ге дейін жұмыс істейтін болады.

Биылғы жылдан бастап Моңғолия президенті 6 жылдық мерзімге сайланады. Президент қызметіне осы жолы ұсынылған кандидаттар арасында Моңғол Халық партиясының атынан – Л.Хурэлсуха, Демократиялық партиядан – С.Эрдэнэ және «Жөні дұрыс адам, Электорат» коалициясынан Д.Энхбата бар.

Сайлаушылар тізімінде 2 040 784 адам тіркелген. Бұл күні бүкіл ел бойынша 2087 сайлау учаскесі жұмыс істеп отыр, ал бюллетеньдер қолдан саналады.

Кеше, 8 маусым күні дауыс беруге арналған көшпелі сайлау жәшіктерінің көмегімен елдің 25 619 азаматы дауыс берген. Сондай-ақ, қызыл аймақта жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер, абақтыда отырған 7 051 азамат және инфекция жұқтырмаған, бірақ сайлау учаскелеріне келе алмайтын шамамен 18 мың адам дауыс берді. Бұдан басқа, Моңғолияның 30 елдегі 44 дипломатиялық өкілдігінде сайлау учаскелері құрылып, 30-31 мамыр күндері мерзімінен бұрын дауыс беру өтті. Шетелде тіркелген 7 394 азаматтың 76 пайызы (5 618 адам) өз таңдауын жасады.

Президенттік сайлауды шетелдік және халықаралық ұйымдардың 43 ұйымы бақылап, 40 тілші ақпарат таратады.


Соңғы жаңалықтар